Кітап – рухани кемелденудің қайнары

0
51

«Кітап — білім бұлағы, білім — өмір шырағы» — бұл дана сөздер кітаптың адам өміріндегі орны мен маңызын айқын сипаттайды. Кітап — тек ақпарат көзі емес, ол — адамның жанын байытатын рухани азық, тұлғалық дамуға жол ашатын құрал. Оқу — адамның ойлау қабілетін дамытып, дүниетанымын кеңейтетін ең құнды дағдылардың бірі.

Жуырда мен ерекше әсер қалдырған бір кітапты оқыдым. Оның атауы — «Өмірдің мәні не?». Бұл туынды – адам өмірінің терең мағынасы жайында ой қозғайтын, тәрбиелік мәні зор әңгімелерден тұратын шығарма. Автор оқырманды күнделікті күйбең тіршіліктің сыртында жатқан шынайы өмірдің мәнін іздеуге шақырады. Егер адам тек үстірт көзқараспен өмір сүрсе, уақыт зыр етіп өте шығады. Ал өмірдің әр сәтінен ләззат алып, оның тереңіне үңіле білсек, тіршіліктің де шынайы көркемдігі ашыла түседі. Мен осы кітаптан дәл осындай ой түйдім және барша оқырманға оны оқуға кеңес беремін. Себебі, бұл тек бір әңгіменің төңірегіндегі ой емес, сан түрлі сұрақтарға жауап беретін терең мазмұнды туынды.

Қазақ әдебиеті де дәл осындай мәні терең, оқырманды ойландыратын шығармаларға бай. Мәселен, М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы, І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы, Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан» романы – барлығы қазақ халқының тарихи болмысы мен рухани мәдениетін суреттейтін озық үлгілер. Бұл туындылардың авторлары көптеген марапаттарға ие болса да, олардың басты мақсаты – ұлт санасын ояту, рухани серпіліс беру еді. Сондықтан оларды ұлт жанашырлары деуге толық негіз бар.

Кітап оқу – менің дамуыма үлкен үлес қосып жатыр. Сол себепті, алдағы уақытта да кітаппен дос болуды жалғастырамын. Себебі, әр кітап — жаңа әлемнің есігі.

Нұрбол Қаңтаров

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз