4 сәуірде Орталық Азия мен Ұлыбританияда білім алып жатқан ғалымдар “Астана” Халықаралық қаржы орталығында жиналып зерттеу жобаларын таныстырды. Бұл туралы KAZAKNEWS тілшісі хабарлады.
Бүгінде Ұлыбританияда медицина, гидрология, биология, химия, физика, экономика, математика, IT салаларында 80-нен астам докторант білім алып жатыр. Аталған форумды ұйымдастыруға да осы Ұлыбританиядағы қазақстандық докторанттар ассоциациясы негіз болған.
Жиында Қазақстан бидайына қатысты өз жобасын таныстырған Болашақ бағдарламасының иегері Ұлыбританиядағы John Innes ғылыми орталығының докторанты Қанат Ермекбаевпен әңгімелескен болатынбыз.
“John Innes ғылыми орталығы өсімдіктер ғылымын зерттейтін орталықтар арасында әлемде үздік бестікке кіреді. Ғылыми тақырыбым “Қазақстан бидайының өнімділігі мен бейімділігінің генетикасы”. Бұл тақырып бұрын зерттелмеген, ашылмаған. Өйткені Қазақстанда бидайды қоса алғанда өсімдіктер селекциясы тек традициялық әдістерге негізделген. Бүгінгі ұсынатын жобам Қазақстандағы өсімдік селекциясын жаңа технологияларды қолдану арқылы Қазақстаннның ауыл шаруашылық жүйесін оңтайландыру және тиімділігін арттыру. Бұл үлкен стратегиялық бағдарлама деп айтсам болады. Сонымен қатар, мұны қалай жүзеге асыратынымызды, қандай әдістер қолданатынымыз анық белгілі. Тек, мемлекет тарапынан немесе жеке инвесторлар тарапынан қаржылай көмек қажет. Нәтижеге келсек, елімізде аграрлық геномдық орталық құрылады. Орталықтың басты міндеті Қазақстанның селекционерлеріне және өсімдік ғалымдарына геномдық әдістердің қолданылуын үйрету. Бір сөзбен айтқанда геномдық қызмет ұсынатын шеберхана болады. Жасыратыны жоқ Қазақстанда ғылымға өте аз ақша бөлінеді. Өсімдіктер селекциясына мүлде мардымсыз бөлігі тиеді. Жобаның тілге тиек етер маңызды тұсының бірі сол мардымсыз ақшаны оңтайлы қолдану. Тағы да бір нәтижесі Ұлыбританияның әлемдік, озық орталықтарымен еліміздің ғылыми орталықтарының арасында ынтымақтастық орнайды”, – деді ғалым.
Орталық Азия тұрақты даму және инновация ғылыми форумының бірінші бөлімі 18 наурызда Ұлыбританиядағы Лафборо университетінде өткен болатын.