Министрлік 3200 студентті сотқа берді

0
241

Сенат отырысында депутат Сатыбалдиев Алишер, премьер-министр Әлихан Смайыловқа «Серпін-2050» бағдарламасына байланысты депутаттық сауал жолдады.

Ол, бағдарламаға өңірлердің қажеттілігіне қарай жаңа бағыттар мен мамандықтар енгізуді сұрап, жобаның кемшіліктерін дұрыстауды айтты.

«Өкінішке орай бұл игі бастаманы жүзеге асыру барысында жіберілген кемшіліктер салдарынан, жыл санап солтүстік өңірлерге оқуға ынта танытқан, тұрғылықты қалған жастар саны азайып келеді», – дейді депутат.

Алишер Сатыбалдиев, қазіргі күні бағдарламаның ресми сайты да жұмыс істемейтінін айтты. Бұдан бөлек 2020-22 жылдары арасында «Серпін» бағдарламасы бойынша оқу бітірген 8948 түлектің 3200-ін ғылым және жоғары білім министрлігі сотқа берген. Себебі, олар өңірлерде екі жыл еңбек өтілін өтеу міндеттемесін орындамаған.

«Бағдарлама аясында қолына дипломын алған әр үшінші түлектің осылайша сотқа тартылуының басты себебі жұмыс таппай, баспана мәселесін шеше алмай тығырыққа тірелуі. Көп жағдайда жолдама берілген мекемелерде шын мәнінде ол жұмыс орны жоқ болып шығады. Басқа мекемелер жұмыс өтілінсіз қабылдамайды», – деп түсіндірді депутат Сатыбалдиев.

«Серпін» бағдарламасы – еңбек күші артық өңірлерден шыққан жастарға жоғары білім бере отырып, оларды еңбек күшінің тапшылығы бар өңірлерге жұмысқа орналастыруға бағытталған жоба. Бүгінгі таңда 9 облыстағы 25 жоғары оқу орындары мамандарды даярлауда.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз