Отандық жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларына жүргізілген рейтингтің екінші кезеңінің нәтижесі бойынша “Металлургия” мамандығы ең жоғарғы деңгейді көрсетті. Бұл туралы бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы Талғат Ешенкұлов мәлімдеді.
Рейтинг түлектердің жұмысқа орналасу пайзы және олардың орташа еңбекақысы, бағдарлама өзектілігі бағасы, сонымен қатар түлектерге жүргізілген сауалнама нәтижесі мен жұмысқа тұру барысын анықтай отырып жүзеге асырылды.
Мәселен, университетті аяқтаған жылы жұмысқа орналасудың ең жоғары деңгейін «Металлургия» мамандығы көрсетті – 80%, слардың қатарында Рудный индустриялық институты, О. Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті түлектері бар. Жұмысқа орналасудың 58%-ын «Су ресурстары мен суды пайдалану» мамандығының түлектері көрсетті.
Сондай-ақ, қазақстандық жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларына реитинг жүргізген сарапшылардың бірі Жарқын Жеңісұлының айтуы бойынша республикадағы кейбір оқу орындарында ескірген әдебиеттер пайдаланылуға ұсынылған.
Байпақбаев Жарқын Жеңісұлы: Еліміздегі бірқатар жоғары оқу орындарындағы көлік-логистикалық мамандықтар бойынша білім беру бағдарламаларына талдау жүргізу кезінде біршама кемшіліктер анықталды. Білім беру бағдарламаларының барлығы жұмыс берушінің талаптарына сәйкес келеді деп ойламаймын. Біз бағалау кезінде білім беру бағдарламасының тақырыпқа сай болуы, мақсаты мен мазмұнының тереңдігі, ұсынылған әдебиеттердің заманауи болуы, жаңашылдықтарға үйлесімділігін қарастырдық. Жалпы, логистика мамандығы тәжірибеге бағытталған мамандық болып саналады. Ертеңгі күні-ақ логистика мамандарына деген сұраныс өте жоғары болады. Себебі, еліміздің аумағы өте үлкен, оның транзиттік әлеуеті жоғары.
Жадыра Аманбайқызы