Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Білім және ғылым министрлігін екіге бөлу туралы жарлыққа қол қойды. Ақорда таратқан ақпаратқа қарағанда Ғылым және жоғары білім министрі қызметіне биыл ақпанда парламент мәжілісіне “Нұр-Отан” партиясының тізімімен өткен депутат Саясат Нұрбек тағайындалды.
“Саясат Нұрбек Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі лауазымына тағайындалсын”, – делінген президент баспасөз қызметі хабарламасында.
2007 жылдан “НұрОтан” (қазіргі “Аманат”) партиясының мүшесі, 1981 жылы туған Саясат Нұрбек 2011 жылы Қазақстан президенттігіне кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың республикалық қоғамдық штабының, 2019 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев президент болып сайланғаннан кейін құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі болған. 2015-2016 жылдары Алматы қаласы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы бастығының міндетін атқарған.