Щучинск қаласында орналасқан Ш. Уәлиханов атындағы Қорғаныс министрлігінің Әскери колледжіне қабылдау жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Әскери колледжге қалай түсуге болады?
Ш. Уәлиханов атындағы Әскери колледжге түсу үшін тұрғылықты жері бойынша жергілікті әскери басқару органына өтініш білдіру керек. Сонымен қатар жасы 17-ге толған және 22 жастан аспаған болуы шарт. Мерзімді әскери қызметін өткергендер мен келісімшарт бойынша қызмет еткен әскери қызметшілер 24 жасқа дейін оқуға тапсыра алады. Оқуға түсу кезінде аттестаттың орташа балы ескеріледі. Ол кемінде үш балл болуы тиіс. ҰБТ нәтижелері қажет емес. Сондай- ақ медициналық тексеруден өту, дене шынықтыру дайындығы бойынша нормативтерді, психологиялық тестілеуді тапсыру қажет.
Оқу кезінде қандай жеңілдіктер қарастырылған?
Әскери колледжде білім алуға барлық жағдай жасалған, оқытушылар құрамының да білім деңгейі жоғары. Бұл оқу орнында білім алу тегін, курсанттар тұратын орынмен, тамақ және заттай мүлікпен қамтамасыз етілген. Оқу мерзімі – бір жыл он ай. Болашақ сержанттар оқытудың барлық кезеңінде мемлекет тарапынан толық қамтамасыз етілетін болады. Әлеуметтік пакетке ақшалай қаражат, киім-кешек, күніне үш рет тамақтану, тегін медициналық көмек және жатақханада тұру кіреді.
Оқуды аяқтап шыққандар қандай жерлерде жұмыс істей алады?
Колледжді бітірген түлек әскери мамандық алып, жүз пайыз кепілдікпен жұмысқа орналаса алады. Оқу процесінде әрбір кадетпен Қарулы күштерде сержанттық құрам лауазымдарында әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт жасалады. Кадеттер әскери бөлімдерге Қарулы күштердің бас сержантына дейін мансаптық өсу перспективасымен бөлімше командирлері лауазымдарына жіберіледі. Әскери қызметті жаңа бастаған сержанттар қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз етіледі немесе тұрғын үйді жалға алу не сатып алу үшін ай сайынғы тұрғын үй төлемдерін пайдалана алады. Сонымен қатар, олар 45 жасында зейнетке шығып, ал зейнетақы соңғы атқарған лауазымы бойынша ақшалай үлесінің 50% мөлшерінде төленеді. Дипломнан басқа курсанттар жаяу әскердің үшінші дәрежелі жауынгерлік машинасының механигі және «В» және «С» санатындағы автомобиль жүргізушісінің куәлігін алады.
Айта кетеу керек, білім ордасы 1996 жылдан бастап 4000 аса кәсіби сержант дайындады. Бүгінде олар елдің Қарулы күштері мен басқа да күштік құрылымдарында табысты қызмет етіп жүр. Жыл сайын орта есеппен бір жарым мың азамат колледжге түсуге үміткер атанады.