Өскемендік 10 сынып оқушылары оптикалық құралдардың жұмыс тиімділігін арттыратын жоба ойлап тапты. Ол көзілдіріктерден бастап, медициналық құралдар мен өнеркәсіптік оптикаға дейін кеңінен қолданылуы мүмкін. Бұл, әсіресе,денсаулық сақтау саласында аса маңызды. Мәселен, эндоскоп құрылғысының булануы жиі кездесетін мәселе, – дейді жас ғалымдар. Оқушылар жобасы республикалық ғылыми жұмыстар байқауында 700 жобаның ішінен үздік деп танылды.
Назарбаев Зияткерлік мектебінің қос оқушысы Мирас Жомартов пен Ахметхан Қанатбек, міне, бір жылдан бері жаңа жобаны зерттеумен тыңғылықты айналысып келеді. «Оптикалық құралдарды буланудан қорғау үшін целлюлоза негізіндегі антифог жабынын алу» деп аталатын ғылыми жұмысқа қызығушылық та тегіннен тумаған. Жас ғалымдар бұл тақырып ғылымда салыстырмалы түрде жаңа болып есептелетінін айтады. Себебі қазіргі таңда нақты целлюлозаны қолдануды талап ететін методикалар бойынша зерттеу жұмыстары көп емес.
Ахметхан Қанатбек, жас ғалым:
«Бұл тақырыптың салыстырмалы жаңалығына қарамастан ғылыми қауымдастықта оның кейбір аспектілері қызығушылық тудырады. Әсіресе, Қытай және Америка сияқты дамыған елдердің арасында целлюлоза мен басқа органикалық қосылыстарды қолдануымен антифогты жабындарды алу зерттеулері белсенді түрде жүргізіледі. Оптикалық құралдардың буланып, көріну сапасын нашарлатуы бізге таныс жағдай еді. Әсіресе күнделікті өмірде көзілдіріктер мен камера линзаларының булануы көптеген қолайсыздық тудыратыны байқалады. Бұл тақырыпқа сай әдебиеттерді іздеп, тек теориялық методиканы құрудан басқа, антифогты жабынды алуда іс-жүзінде практикалық жұмыстар және сапалық тәжірибелерді жасадық. Инфрақызыл спектроскопиядан және булануға төзімділік тестісінен басқа, өзімнің қызығушылығымнан және күнделікті көзілдірікті киетін адам ретінде алынған жабынды өзім де сынап көрдім»

Оқушылар ұсынып отырған целлюлоза негізіндегі жабын экологиялық таза, арзан әрі тиімді шешім. Жоба жергілікті университеттің ғылыми зертханасында талай рет зерттеуден өтті. Ақпан айында Ақтөбе қаласында өткен республикалық ғылыми жұмыстар сайысында Мирас пен Ахметханның еңбегі 700 жобаның ішінен үздік үштікке ілінді.
Мирас Жомартов, жас ғалым
“Байқау жоғары деңгейде өтті. Қатысушылар саны да, сапасы да өте жоғары болды. Әр жоба өзіндік ерекшелігімен таңғалдырды. Біз үшін бұл үлкен тәжірибе. Қазылар алқасы жобамызға қызығушылық танытып, өз сұрақтарын қойып, пікір білдірді. Соңында жүлделі орынға ие болу біз үшін үлкен мәртебе екенін жасырмаймыз. Жалпы, біз жобамызды дайындау барысында бірқатар химия саласындағы тәжірибелі ғалымдармен кеңестік. Олар жобаның ғылыми негізіне оң баға беріп, әрі қарай оны жетілдіруге қатысты ұсыныстарын айтты. Жұмыс процессін қадағалап, тәжірибеміз жоқ бағыттарда көмек берді”
Жобаны жетілдіріліп, өндіріске енгізілсе медицина саласына да өз оң әсерін тигізбек. Бұл бағытта білікті ғалымдар тарапынан жобаның аясын кеңейту және жабындыны әртүрлі бетке бейімдеу туралы ұсыныстар айтылыпты. Сондықтан, ғылыми жұмысты стартап ретінде дамытып, нарыққа шығару идеясы да жоқ емес.
Жас ғалымдардың ендігі мақсаты – ғылымизерттеуді одан әрі жалғастыру, жетілдіру. Қос оқушының армандары да асқақ. “Жер шарымыздың және қоршаған ортамыздың жағдайын жақсартуда жәрдем беретін басқа да әдістер табу миссиямыз” – дейді жас буын.
Аймина Фархад