Тынышбаев атындағы көлік академиясы лицензиясынан айырылды

0
345
М. Тынышбаев атындағы қазақ көлік және коммуникация академиясы.

Қазақстан білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті Алматыдағы М.Тынышбаев атындағы қазақ көлік және коммуникация академиясын бас лицензиясынан айырды. Бұл туралы БҒМ баспасөз қызметі хабарлады.

Лицензиядан айыру туралы шешім он жұмыс күні өткеннен кейін заңды күшіне енеді, кейін жоғары оқу орны білім беру саласындағы қызметін тоқтатуға міндетті болады.

Министрлік мәліметінше, жыл бойы академияда жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер жүргізіліп, білім беру саласындағы өрескел заң бұзушылықтар анықталған. Оқу процесі профессор – оқытушы құрамымен, өндірістік практика базаларымен, оқу, оқу-әдістемелік және ғылыми әдебиеттермен қамтамасыз етілмеген. Білім беру бағдарламалары жұмыс берушілердің сұранысына толық сәйкес келмеген, бұл түлектердің жұмысқа орналасуына да әсер еткен.

“Атамекен” ҚР ҰКП жүргізген рейтинг бойынша академияның білім беру бағдарламасының шамамен 60% жұмыс берушілердің талабына сәйкес келмейді.

Бұған дейін министрлікке осы университетте “оқыған” шетелдік студенттер де жүгінген. Олар оқудың ақысын төлегенімен іс жүзінде академияда “оқымаған”.

Қазіргі уақытта Тынышбаев атындағы қазақ көлік және коммуникация академиясында 5 мыңнан астам адам оқиды. Академияда оқу құны – білім беру бағдарламасына байланысты 427 мың теңгеден бастап 1,5 млн теңгеге дейін.

Академиядағы бакалавриаттың 8 бағыты, магистратураның 6 бағыты, докторантураның 4 бағыты бойынша лицензия Алматы қаласының басқа 30 жоғары оқу орнында бар.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз