31 тамыз күні Қазақстанда 77 адамнан коронавирус табылды. 59 адамда ауру белгілері байқалған, 18 адамда ауру симптомы жоқ болған. Бұл туралы 1 қыркүйекте таңертең денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Министрлік мәліметінше, өткен тәулікте Шығыс Қазақстан облысы (17) мен Қарағанды облысында (14) ғана оннан астам науқас анықталған. 4 облыс (Жамбыл, Маңғыстау, Қызылорда, Ақтөбе облыстары) пен бір қалада (Шымкент) жаңа науқас тіркелмеген.
Бір күнде 602 адам жазылған. Елде коронавирус жұққаны ПТР-тестімен расталған адамдар саны 105 872-ге жеткен. 96 899 адам (немесе 91 пайыздан астамы) жазылған.
Елде коронавирус жұққаны тест арқылы расталған адамдар қатары сирегенмен коронавируспен байланысты адам өлімі азаймай отыр. 30 тамызда коронавирустан – 7 адам, белгілері Covid-ке ұқсас пневмония түрінен 6 адам қайтыс болған. Наурыз айынан бері коронавирустан – 1588 адам, пневмонияның аталған түрінен 290 адам қайтыс болған. Кейбір сарапшылар вирус пневмониясын коронавирустан “әлдеқайда қауіпті” деп санайды.