21 шілде күнгі үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда коронавирус ахуалы тұрақтала бастағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, соңғы екі аптада күн сайынғы науқастар өсімі 4 пайыздан 2,1 пайызға азайған. Жазылғандар 60 пайызға көбейген.
– Кейінгі аптада коронавирус жұққандар мен адам өліміне байланысты ахуалдың тұрақталғаны байқалады. Күн сайын 1500-1600 науқас анықталып жатыр, – деді министр.
Министр Цойдың сөзіне қарағанда кейінгі үш аптада провизорлардағы орындар – 89 пайыздан 69 пайызға дейін, реанимациялық бөлімдерде 73 пайыздан 67 пайызға дейін босаған. Жедел жәрдем көлігін шақыру да 23 пайызға азайған. Министр аймақтарда арнайы тұрақтандыру қорлары құрылып, амбулаторияларды қамтамасыз ететін дәрі-дәрмек тізімі кеңейетінін, бір айға дәрі-дәрмек қоры жасақталатынын айтты.
Алексей Цой сонымен бірге ПЦР-тестен өткізу үшін республикалық бюджеттен 42 млрд теңге бөлу қажет екенін де айтты.
– 170 млн теңге зерттеу жүргізуге тартылған ветеринарлық зертхананың 67 маманына жұмсалады, – деді министр.
Қазақстанда соңғы мәлімет бойынша, 73 468 адамнан коронавирус табылған. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан әлемде алғашқы 30 елдің қатарына кіріп, 29 орында тұр. Постсоветтік кеңістікте алғашқы отыздыққа Қазақстаннан бөлек тек Ресей (4) ғана енген.
COVID-19 індетінен 45 376 науқас айыққан. 20 шілде күнгі мәліметке сай елде коронавирустан 585 адам қайтыс болған.
Қазақстан 1 тамыздан бастап қоздырушысы белгісіз я зертханада расталмаған вирустық пневмонияны коронавирус статистикасына қоспақ. Жыл басынан 15 шілдеге дейін 234 мың адам пневмонияға шалдыққан, оның 3,3 мыңы қайтыс болған. Денсаулық министрлігі мұның қаншасы қоздырушысы белгісіз пневмония екенін айтпады.