Денсаулық сақтау министрі қызметін атқарушы тағайындалды

0
76
Жандос Бүркітбаев.

20 желтоқсанда Қазақстан денсаулық сақтау министрі қызметін атқару міндеті Жандос Бүркітбаевқа тапсырылды. Бұл жөнінде министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.

Премьер-министр бұйрығында “Қазақстан денсаулық сақтау министрі міндетін атқару денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Бүркітбаевқа жүктелетіні” жазылған.

Дүйсенбіде Алексей Цой денсаулық сақтау министрі қызметінен кеткен еді. Ол бұл қызметте бір жарым жылдай істеді. Цой азаматтық секторға ауысып, денсаулық сақтау саласын “ғылым мен әлеуметтік бастамалар арқылы дамытуды жоспарлайтынын” айтты.

50 жастағы Жандос Бүркітбаев 2021 жылы қаңтарда денсаулық сақтау саласына вице-министр болып тағайындалған. Оған дейін ол онкология ұлттық ғылыми орталығын екі жылдай басқарған. Ал 2008-2011 жылдары астанадағы Қан орталығын басқарды, кейін трансфузиология ғылыми орталығында басшы қызметін атқарды.

Былтыр наурызда пандемия басталғалы Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінде көп ауыс-түйіс болды. Елде санитарлық дәрігер екі рет ауысты. 2020 жылы көктемде елде коронавирусқа қарсы төтенше жағдай жарияланғанда Жандарбек Бекшиннің орнына Айжан Есмағамбетова келді. Кейін 2020 жылы қыркүйекте Ерлан Қиясов бас санитарлық дәрігер болды.

2017 жылы қаңтар – 2020 жылы маусым арасында денсаулық сақтау министрі болған Елжан Біртанов елде коронавирус өршіп, ауруханада орын жетпей жатқан тұста қызметтен кеткен. Кейін оның орнына Алексей Цой тағайындалды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз