Хиджаманың пайдасына сенесіз бе?

0
473

Қазіргі таңда медицинаның дамып жатқанын білеміз. Әсіресе медициналық технологиялар, пациентке диагноз қоюға, әрі қарай ем алуға үлкен көмек болып жатыр. Осы орайда, ертеден келе жатқан хиджама әдісіне жүгіну қаншалықты дұрыс? Kazaknews.kz редакциясы осы сұраққа жауап іздеп, сарапшылардан пікір алды.

Астана қаласындағы хиджама клиникаларының біріндегі хаджам* (хиджама жасаушы маман) Әбілсейт, өзінің ісіне байланысты ауқымды анықтама берді. Оның айтуынша қазіргі таңда хиджамаға жүгінетін ер адамдардың жас аралығы 20-60 жасты құрайды. Олардың шағымдары әр түрлі. Бас ауруынан бастап, арқаның құрысуы, аяқтың жылымауы, простатит және қан қысымы төмен немесе жоғары адамдар келеді.

«Ешқандай шағымы жоқ болса да, профилактикалық мақсатта жасатқан абзал болады. Қан тазарғаннан кейін, иммундық жүйе жақсарғаннан кейін, организм өзін-өзі емдеп алады», – дейді хаджам дәрігер Әбілсейт Досаев.

Ал егерде бұл ем түрін, кәсіби шеберлігі төмен маманнан алар болсаңыз, өміріңізге қауіпті болуы мүмкін. Маман, хаджамның кәсіби біліктілігі бар-жоғын ажырату жолымен бөлісті.

«Мен өзім, хирург мамандығы бойынша 1992 жылы, Алматы медицина институтын бітіргенмін. Ем алушы кісі, хаджамнан сіздің қандай біліміңіз бар деп сұрауы керек. Өйткені сен денсаулығыңды дәрігерге аманат қылып тапсырып жатырсың. Қажет болса құжаттарын талап ету керек. Егер, келген кісінің хиджама туралы білімі бар болса, өзінің алдындағы хаджамның әңгімесінен оның біліктігін байқайды», – дейді дәрігер.

Хиджама жасау, келген пациентпен сөйлесіп, диагноз қоюдан басталады. Одан кейін қан қысымы өлшенеді. Әрі қарай емдеуші дәрігер, қанша құты және қай нүктеге қойылу керектігін өзі шешеді. Процесс басталмас бұрын, пациентті арнайы үстелге жатқызып, құты қойылатын жер уқалап сыланады. Одан кейін құты қою және хиджама жасау процесі жүреді. Қызықты дерек, маманның айтуы бойынша, пациентке бір мезетте 30 құтыға дейін қоюға болады екен. Негізінде бір сеанс кезінде 6 мен 9 арасында құты қойылады.


Ал енді, кімге хиджама жасатуға болмайды деген сұраққа келер болсақ, алдымен қатерлі ісік ауруының үшінші, төртінші кезеңіне өтіп кеткен немесе жақын арада химия терапия алған адамға жасатуға болмайды. Бұдан бөлек егде адамдарға, яғни жасы 80-нен асып кеткендерге, әлсіз кісілерге жасатуға болмайды.

Хаджам дәрігер, қазіргі медицина дамыған заманда, хиджамаға неліктен қажеттілік барын, түсіндіріп берді. Оның айтуынша хиджама арқылы майда қыл тамырды, қызметін атқарып, жарамсыз болып қалған капиллярдағы қанды алып тастайды.

«Медицина қанша дамығанымен, қанның құрамындағы керек емес заттарды, арзан әрі тиімді жолмен алып тастай алмайды. Медицинадағы аппараттар, жалпы айналымда жүрген қанды ғана тазалайды, бірақ капиллярдағы қанды тазалай алмайды. Хиджаманы медицина тіліне аударса, капиллярлық терапия деп аталады», – дейді Әбілсейт дәрігер.

Әйелдер хиджамасы

Хиджаманы егер тек ер адамдарға ғана жасайды деп ойласаңыз, қателескеніңіз. Себебі алматылық хаджам дәрігер, өзінің жұмысы туралы толықтай айтып берді.

Маман, Шапат Сауленің айтуынша хиджама жасатуға 18 бен 55 жас аралығындағы әйелдер жүгінеді. Олардың шағымдары да тиісінше әр түрлі болған.

«Хиджамға жүгінетіндердің диагнозы әр түрлі. Көп таралған остеохондроз ауруынан бастап, жын кіру мен сиқырлануға байланысты да жасатады. Әсіресе, әйелдер арасындағы проблемалары бойынша келетіндер де көп. Хиджамаға келгендер арасында хайыз циклін қалпына келтіру үшін, жүктілік, қант диабетімен ауыратын, депрессиядан шыға алмай жүргендер, варикоз, тағамдық және маусымдық аллергиясы бар науқастар болды», – дейді әйелдер хаджамы Сауле Айдарханқызы.

Ол, адам денесінде арнайы нүктелер болатынын, және толықтай сеанстан өткен адамдар ауруынан айығатынын айтады. Толықтай курс алу үшін адамдар бірінші мен екінші сеанс арасына 21 күн салуы қажет. Алайда бұл уақыт көлемі жөнінде ем алған маманыңызбен кеңескен жөн.

«Егер хиджаманың айқын пайдасы туралы айтатын болсақ, мен сенімді түрде, үнемі хиджама жасайтын адамдар иммунитетін күшейтіп, дәрі-дәрмекті ұмытатынына кепілдік беремін. Олар өзінің қазіргі жасынан әлдеқайда жас көрінеді. Өйткені ағзадағы қаны жаңарып тұрады», – дейді хиджама маманы.

Хаджам, «ең бастысы хиджама – пайғамбардың сүннеті (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)» – деп те атап өтті. Емнің дінмен байланысы жөнінде кейінірек, ҚМДБ пәтуа бөлімі маманының айтқанына тоқталамыз.

Әйелдер хаджамының айтуынша оның тәжірибесінде хиджама жасаудың жағымсыз салдары кездеспеген. Жанама әсері ретінде терінің кесілген жері 3-5 күн ішінде жазылатыны туралы айтты.

«Рәсім,  65 жастан асқан әйелдер мен балаларға жасалмайды. Жүктілік мерзімі 2,5 айдан аспаған және емізулі баласы барларға хиджама тыйым салынады. Жалпы әлсіздік сезімі барларға хиджама жасатудан бас тартқан жөн», – дейді маман.

Дәрігер Сәуленің айтуынша, қан алмас бұрын асқазанды аш ұстау қажет. Алайда, хиджамадан бұрын су ішсе немесе бал жеу рұқсат етілген. Сонымен қатар, процедурадан бұрын және процедурадан кейін антисептиктерді, ережелер мен ұсыныстарды сақтау қажет.

«Ең маңызды нәрсе – бұл хиджаманың емдік күшіне толық сену. Себебі көп нәрсе пациенттің оң көзқарасына байланысты», – дейді дәрігер.

Гематолог дәрігердің көзқарасы

Гематолог дәрігер, “арам” қан кетіп, орнына жаңа қан келуі ағзаға жақсы септігін тигізеді дейді.

«Хиджама туралы ойым жаман емес. Жалпы дәрігерлер пациенттерге хиджама жасатыңыз деп айта алмайды. Ол әркімнің таңдауы. Біз берілген протокол бойынша ем жүргіземіз. Кейде тромбоцитоз диагнозымен келетін пациенттер болады. Оған хиджаманың көмегі болса да, біз оған ережеге байланысты хиджама жасатыңыз деп айта алмаймыз», – деді гематолог дәрігер Рахмет Сәулет Айтбекқызы.

Алайда дәрігер, халыққа емханадан, ресми маманнан кеңес алуға шақырды.

ҚМДБ хиджама туралы не дейді? 

Редакция, хиджаманың ислам дінімен байланысы туралы ақиқатты білу үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына жүгінген болатын. ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Бауыржан Әбдуәлі, ислам адам тәні мен өміріне зиян тигізбеуге үндейтінін, адамның денсаулығына зиян келтіретін нәрселерден алыс болуға шақыратынын айтты.

«Ислам, ауырған сәтте емделу жолдарын іздеуді міндеттеді. Алла Тағала: «Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар» , – деп бұйырған», – дейді Мүфтият өкілі.

Дін маманы өз сөзінде, хиджаманы емнің озық түрі деп атап өтті.

«Дертті де шипасын да беруші бір ғана Алла. Алайда бізге шариғатымыз себебін жасауды талап етті. Яғни емделу үшін оның жолын қарастыруды әмір етті. Сол емделудің бір жолы – хиджама. Хиджама сөзі араб тілінен аударғанда «сору» деген мағынаны білдіреді. Бұл емделудің ең озық түрі болып саналады», – деді Бауыржан Әбдуәлі.

Ол бұған хадистен мысал келтірді: «Әбу һурайра (р.а.) жеткізген хадисте Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.) былай деген: «Жәбірәйіл (ғ.с) маған қан алу – адамдарды емдеудің ең озық әдісі екенін хабарлады».


Теологтың айтуынша Хиджама жасау бас ауруына, құлақ, тамақ, мұрын және тіс ауруларына,  психикалық ауруларға (күйзеліс), тіс ауруына, әлсіздікке, бас сақинасына, көру және есту қабілетін жақсартуға, ми қабынуына пайдасын тигізеді.

Сонымен қатар, кардиомиопатия (жүрек бұлшық еті қызметінің әлсізденуі), қан қысымының жоғарылауы, ревматизм (буын-буын мен бұлшық еттердің шаншып, сырқырап ауыруы), бронхит; Іштің үстіңгі аймағындағы фурункулез, аяқтағы бітпейтін (жазылмайтын) жаралар, гемморой, ұйқышаңдық, қышыма, жатыр және қуық қалбыршығының қабынуы тәрізді ауруларға емі бар.

Кенжеғали Мерей

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз