Мәжіліс депутаттары Қазақстан мен Ресей арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағы персоналына, Байқоңыр қаласы және Төретам мен Ақай кенттерінің тұрғындарына медициналық қызмет көрсету тәртібі туралы үкіметаралық келісімге енгізілген түзетулерді мақұлдады.
Мәжілістің жалпы отырысында сөз алған Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов елдегі азаматтардың (Байқоңыр тұрғындары -ред) Қазақстан заңнамасына сәйкес кепіл берілген медициналық көмек, тегін дәрі-дәрмек және медициналық құрылғылармен, профилактикалық дәрігер қарауымен қамтамасыз етілмегендігін алға тартты.
Министр өз сөзінде Байқоңыр қаласындағы 48 мың қазақстандыққа медициналық көмекті ресейлік тарап көрсететіндігін атап өтті. Бүгінде қала тұрғындары сапалы медициналық көмекке зәру, бұл өз кезегінде мүгедектік қаупінің артуына, сондай-ақ өмір сүру сапасына тікелей әсер етеді. Жоба ұлттық заңнамаға сәйкес, Байқоңыр қаласы, Төретам және Ақай кентінде тұратын қазақстандықтарға медициналық көмек алуға мүмкіндік береді.
Бұдан өзге министр 2016 жылдың тамызынан бері қалада Қызылорда облысы денсаулық сақтау басқармасының областық медициналық орталығы жұмыс істейтінін атап өтті. Аталған орталық 30 мың адамға дейін қызмет көрсете алады. Орталыққа шамамен 17 мың қазақстандық тіркелген.
Біртановтың айтуынша, 2018 жылы емхананың қызметіне бюджеттен 189 млн теңге бөлінген, ал жергілікті бюджеттен емхананы жаңғыртуға 64 млн теңге қарастырылған. «Емхананың амбулаторлы-дәрілік қамтамасыз етілуі үшін бюджеттен осы жылы 96, 5 млн теңге қаражат қарастырылған», – дейді министр.
2017 жылдың қарашасында Қазақстан мен Ресей Байқоңыр қаласы, Төретам мен Ақай кенттерінің тұрғындарына (азаматтығы мен тұрғылықты жеріне қарамастан) жедел медициналық көмек кез келген медициналық ұйым тарапынан көрсетілетіндігіне келіскен еді.
Сафина Саид