15 қарашада Нұр-Сұлтан емханаларында Pfizer вакцинасымен 12 және одан жоғары жастағы жасөспірімдерді, жүкті және бала емізетін әйелдерді еге бастады. Бұл туралы Kazaknews.kz тілшісі хабарлайды.
10 қарашада Қазақстанға Pfizer вакцинасының жоспарланған төрт миллион дозасының алғашқы 379 080-і жеткізілді. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, бірінші кезекте препарат жүкті әйелдерге, бала емізетін әйелдерге және 12 мен 17 жас аралығындағы жасөспірімдерге ата-аналарының келісімімен салынатын болады.
Нұр-Сұлтан қаласындағы №4 қалалық емханасында Pfizer екпесін егу басталып кетті.
“Жексенбі күні Pfizer компаниясының “comirnaty” вакцинасын алдық. Ол вакциналар жасөспірім балаларға 12-18 жас аралығында, әйелдерге 16-37 апталық жүктілік арасындағыларға, босанғаннан кейін 42 күннен асқан және 2 жасқа дейін емізіп жүрген балалары бар әйел адамдарға салынады” – дейді №4 қалалық емхананың директор орынбасары Ұлдай Оразова.
Еске сала кетейік, Pfizer вакцинасының бір ампуласы 6 дозаға, яғни алты адамға арналған. Оны ашқаннан кейін 6 сағат бойы, ал жабық және ерітілген күйде бір ай сақтауға рұқсат етіледі.
“Мен осы вакцинаны виза алу үшін алдым. Ешқандай жанама әсер туралы уайымым жоқ. Менің ойымша вакцина алу керек, осылайша өзіңді ғана сақтап қана қоймай достарыңды және айналаңда болған адамдарды да құтқара аламыз” – дейді америкалық университеттің студенті Нұрсұлтан Майдан.
Айта кетейік, Нұр-Сұлтан бойынша Pfizer екпесін алатындар арасында 5 мың жүкті, 28 мың бала емізетін әйел адам, сондай-ақ 63 мың бала бар. Олар тек медициналық ұйымдарда және қаланың білім беру мекемелеріндегі медициналық пункттерде екпе ала алады. Жалпы астанаға Pfizer-дің 35 100 дозасы жеткізілді.
Ел арасында Pfizer екпесі деп танылған бұл препараттың ресми аты – Comirnaty (Комирнати). Екі дозадан тұрады, арасы 21-28 күн. Ерекше жағдайда аралық 41 күнге дейін ұзаруы мүмкін.
Comirnaty – ДДСҰ мақұлдаған вакциналардың бірі.