SpikeBall: Қазақстан мектептеріне спорттың жаңа түрі енгізіледі

0
519
SpikeBall спортына қажетті құралдар.

Халықаралық Spikeball федерациясы Қазақстандағы “Білім-инновация” лицейлеріне спорт құрылғысының 20 данасын тегін жеткізіп берді. Бұл жөнінде БИЛ вице-президенті Нұрбол Төлебаев әлеуметтік желіде жазды. 

Оқи отырыңыз: TEQBall: Қазақстанда оқушылар арасында жаңа спорт түрінен турнир өтті

БИЛ ұлдар лицейлеріне біраз уақыт бұрын TeqBall атты үстел теннисі мен футболдың бірігуінен пайда болған спорт түрі енгізіліп, жарыстар өте бастады.

SpikeBall доптары және батут.

“SpikeBall-ды қыздар лицейіне енгізу туралы ұсыныс бірнеше апта бұрын түсті. Ақылдаса келе Халықаралық Spikeball федерациясымен байланыс орнаттық. Осы спорт түрін Қазақстанға енгізгіміз келетінін айтып, оқушыларымыздың сұранысын жеткіздік. Біраз уақыт хат алмастық. Ақырында олар оқушыларымызға 20 дана Spikeball жабдықтарын жіберетінін хабарлады. Қазіргі уақытта бұл спорттың қажетті саймандары бізге келіп жетті”, – деп жазды “Білім-инновация” ХҚҚ вице-президенті.

SpikeBall қандай спорт?

Бұл спорт түрін АҚШ-тың Гарвард университеті студенттері ойлап тапқан. Спайкбол – волейбол ойынының бір түрі, бірақ тордың орнына – батут секілді тор мен теннистікінен сәл үлкен волейбол добынан кішірек арнайы сары доп қолданылады.  Бұл спорт құрылғысының жалпы бір данасының құны шамамен 50 доллар тұрады.

Гарвард университетін аралаған блогер Спайкбол спорты туралы былай дейді:

Екі адамнан құралған қос команда жарысады. Қарсыластар бір-біріне қарама-қарсы тұрады. Допты ойынға кез келген команданың бір ойыншысы батутқа ұру арқылы қосады. Кейін ол допты қарсылас команданың ойыншысы қайтадан батутқа ұрып немесе өз командаласына пас беруі тиіс. Команда өзара 2 пас жасай алады. Сосын доп қайтадан батутқа бағытталуы керек. Батутқа тиген допты қайтадан келесі команданың ойыншылары жалғайды. Ұпай қос команда ойыншыларының бірі батутқа тиген допқа иелік ете алмай қалғанда, жерге түсіріп алса, екіден көп пас беріп қойғанда есептеледі.

21 ұпай жинаған команда жеңіске жетеді. Ойынның ресми ережесі бойынша матч кезінде 3 пас беруге болады. Спорттың бұл түрі туралы толық ақпаратты мына сілтемеден оқуға болады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз