Өзбекстан мен Түрікменстан 2020 жылға дейін екі жақты сауда көлемін 500 миллион долларға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Өзбекстан президентінің ресми сайтында жарияланған хабарға сүйенсек, Шавкат Мирзиёев 23 сәуір күні Ташкентте Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовты қабылдады.
Өзбекстан президенті осы жылдың алғашқы ширегінде Түркіменстанмен арадағы сауда айналымының 55 %-ға артқанын атап өтті. Мирзиёев: «Өткен жылы жасалған келісімдер нәтиже бере бастады. Бұл қарқынды сақтау және арттыру маңызды», – деді.
2017 жылы Түркіменстан мен Өзбекстан арасындағы сауда көлемінің 177 млн долларға жеткеніне назар аударған қос президент арадағы сауда айналымын үш есе арттыруға ниет білдірді.
Екі ел арасындағы жылдық рекорд 2015 жылы тіркеліп, сауда айналымы 320 млн долларға жеткен еді.
Түркіменстан басшысы Бердімұхамедовтың Ташкентке жасаған сапары барысында екі президенттің бірлескен мәлімдемесі жарияланып, екі ел арасында әр түрлі бағытты қамтитын 17 құжатқа қол қойылды. Тараптар шекаралық аймақта сауда үйлерінің ашылуы және бизнес-форумдарының өткізілуі туралы келісімге келді. Бұған қоса спорт, ақпараттық технологиялар саласында және ауыл шаруашылығы секторында келісімге қол жеткізілді. Сондай-ақ, екі елдің жетекші университеттері арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Екіжақты және көпжақты келіссөздерде президенттер кең ауқымды логистикалық мәселелерді талқылады. Түркімен тарапы Қара теңіз бен Жерорта теңізі арқылы Өзбекстанның Еуропа және Таяу Шығыс нарығына шығуы үшін Каспий теңізіндегі порттық инфрақұрылымын пайдалануға болатынын мәлімдеді. Осыған қоса Бердімұхаммедов Ашхабадтың Өзбекстан – Түркіменстан – Каспий теңізі – Оңтүстік Кавказ көлік дәлізін құрып, Грузия, Түркия мен Румыния айлағына шығуға дайын екенін хабарлады. Түркімен делегациясы өзбек әріптестерін Орта Азия – Таяу Шығыс (Өзбекстан – Түркіменстан – Иран – Оман) транзиттік дәлізін құруға мүдделі компаниялардың қатысуымен өтетін бизнес-форумға қатысуға шақырды.
Бауыржан Мұқан