2019 жылдың қаңтар айынан бастап төмен жалақы алатын еңбеккердің жалақысы 1,5 есеге артады. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халықты әлеуметтік қорғау жүйесін жаңғырту мәселелеріне арналған кеңесте мәлімдеді.
Президент тұрғындардың тұрмыс сапасы мен табысын арттыруға арналған биылғы Жолдауда ең төменгі жалақы мөлшерін көбейту үшін кешенді шаралар қамтылғанын атай отырып “2019 жылғы 1 қаңтардан бастап төмен жалақы алатын еңбеккерлердің, соның ішінде азаматтық қызметшілердің еңбекақысы 1,5 есе өседі. Сондай-ақ, әкімшілік, көмекші және техникалық қызмет көрсететін қызметкерлердің жалақысы артады. Экономиканың барлық саласындағы төмен жалақы алатын 1,3 миллион жалдамалы жұмысшылардың жалақысы орташа есеппен 30 пайызға көбейеді, – деді.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы әлеуметтік қамсыздандырудың мемлекеттік жүйесіне өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындарды тарту арқылы жыл басынан бері 2,7 миллион адамның ішінен 1,8 миллион адам жаңа мәртебеге ие болатынын және 2019 жылдан бастап Қазақстанда жұмыс істейтін барлық азаматтары үшін Бірыңғай жиынтық төлем енгізу жоспарланып отырғанын атап өтті.
2018 жылғы 1 қаңтардан бастап тұрмысы төмен отбасылар үшін атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматын енгіздік. Соның арқасында биылғы 10 айдың ішінде 103 мыңға жуық отбасы немесе 534 мың адам мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылды. Осы жылдың соңына дейін ең төменгі жалақы мөлшерін бір жарым есе өсіретін заңның қабылдануын қамтамасыз ету қажет. Министрлік және әкімдіктер жұмыс берушілердің ең төменгі жалақы мөлшерін арттыруын қамтамасыз ету үшін бақылау орнатып, тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізу жөнінде шаралар қабылдауы керек. 1,3 миллион азаматымыздың жалақысы нақты көбеюге тиіс.