Қазақстанда паспорт пен жеке куәлік алған кезде азаматтарды міндетті дактилоскопиялық тіркеу қалай өтетіні жайлы ішкі істер министрлігі түсініктеме жасады, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі Tengrinews-ке сілтеме жасап.
Дактилоскопия – саусақ мөрінен қылмысты адамды анықтау әдісі. Міндетті дактилоскопиялық тіркеу, Қазақстанда келер жылдың 1 қаңтарынан басталады.
ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің аға инспекторы Нұржан Жанабаев түсіндіргендей, 12 жасқа дейінгі балалардан басқа, еліміздің барлық азаматтары мен Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер дактилоскопиялық тіркеуден міндетті түрде өтуі керек санатына жатады. 12 жастан 16 жасқа дейінгі балалар, ерікті негізде саусақ ізін тіркесе болады.
«Саусақ іздерін алу ХҚКО-ларда жеке куәліктерді, паспорттарды, шетел азаматының тұруға ықтиярхаттарын және азаматтығы жоқ адамның куәліктерін рәсімдеу кезінде жүргізілетін болады», – дейді Көші-қон қызметі комитетінің аға инспекторы Нұржан Жанабаев.
Инспектордың айтуынша, аталған шара жеке тұлғаларды биометриялық сәйкестендіруді жетілдіруге бағытталған. Бұл өз кезегінде заңсыз құжаттандыру фактілерін болдырмауға, құжаттарды қолдан жасаудан, олардың иелерін алаяқтық және өзге де қылмыстық әрекеттерден қорғауға мүмкіндік береді.
Екіншіден, дактилоскопиялық тіркеу қазақстандықтар үшін басқа елдердің мемлекеттік шекараларынан өту рәсімін жеңілдетеді.
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап “дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы” заң күшіне енді. Ол саусақ ізі мен геномдық ақпаратты жинауды, өңдеуді және қорғауды қамтиды.
Алайда, заңды іс жүзінде қолдану қаражаттың жетіспеушілігіне байланысты бірнеше рет кейінге қалдырылған. 2021 жылғы маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саусақ ізін енгізуді 2023 жылғы 1 қаңтарға ауыстырған заңға қол қойды. Алайда, 2022 жылдың соңында жобаны енгізу 2024 жылға ауыстырылды.