Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қалалық және ауылдық елді мекендердің тұрғындарын ауыз сумен 100% қамту шаралары қаралды, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі.
Премьер-Министр Үкіметке 2025 жылдың соңына дейін халықты 100% таза ауыз сумен қамтамасыз ету міндеті қойылғанын еске салды.
“Қазір елімізде 600 мыңнан астам адам таза ауыз су мәселесін шешуді талап етеді. Тіпті Астананың өзінде су тапшылығы қатты сезіле бастады. Бұл ретте, суды үнемдеу маңызды сұрақ болып отыр. Өкінішке орай, көптеген азаматтарымыз суды үнемдегісі келмейді. Бұл сұрақты шешу үшін саланы цифрландыру және тиімді тарифтерді енгізу қажет”, — деді Әлихан Смайылов.
Әлі шешімін таппаған бірқатар жүйелі проблема да бар. Мәселен, кей өңірлерде су тазарту құрылыстарын салу жұмыстары созылып кеткен. Ақмола облысында бұл жұмыс 10 жылдан бері бітпей келеді. Сонымен қатар іздестіру-барлау жұмыстары да уақытында басталмаған. Қарағанды облысында конкурстық рәсімдер енді ғана өткізіліп жатыр.
“«Сақалды» құрылысқа айналған ауыз су жобаларын аяқтау ісінде де шикілік көп. Мұның айқын мысалы ретінде Ұлытау облысындағы Есқұла су құбырын, Қызылорда облысындағы Талап су құбырын, Солтүстік Қазақстан облысындағы Преснов су құбыры мен Соколов су құбырының 2-кезеңін айтуға болады. Соның кесірінен 220 мыңға жуық адам сапалы суға қол жеткізе алмай отыр”, — деп атап көрсетті Премьер-министр.
Сумен жабдықтау жүйесінде техникалық ақаулардың орын алуына негізінен инфрақұрылымның тозуы мен күрделі жөндеу жұмыстарының уақытылы жүргізілмеуі себеп болып отыр.
“Мәселен, сәуір айында магистральдық құбырдың жарылуынан Балқаш қаласы бірнеше күн бойы түгелдей ауыз сусыз қалды. Абай облысындағы Андроновка ауылында су мұнарасы құлап, жергілікті тұрғындар суды тасып ішуге мәжбүр болды. Семейде су арнасындағы авария 70-тен астам үйді сусыз қалдырды. Сондай-ақ магистральдық құбырдағы авариядан Ақмола облысының 11 елді мекеніне су берілмей қалды. Бұл – тек бір айдың ішінде орын алған жайттар”, — деп атап өтті Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы мұндай проблеманың барлығын кешенді түрде шешу керектігін және биылғы жылдың қорытындысы бойынша қалалар мен ауылдық елді мекендерді таза ауыз сумен қамтудың жоспарланған көрсеткіштеріне қол жеткізуді қамтамасыз етулері қажет екендігін атап өтті.