Грантқа арналған ҰБТ 16 мамыр мен 5 шілде арасында өтеді

0
134
ҰБТ тапсыру барысы.

Негізгі ҰБТ-ға өтінішті қабылдау 28 сәуірде басталып, 14 мамырға дейін жалғасады. Мемлекеттік білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысуға арналған ҰБТ 16 мамырдан 5 шілдеге дейін өтеді. Барлық талапкерге ҰБТ-ны тапсыруға екі мүмкіндік беріледі, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің шешімі бойынша 2023 жылы талапкер негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең үздік нәтижемен грант конкурсына қатыса алады. Сондай-ақ, олар тестілеу күнін, уақытын және орнын өздері таңдайды. Бұл ретте талапкер екі мүмкіндік үшін бейіндік пәндердің бір ғана комбинациясын белгілейді.
ҰБТ-ға қатысу үшін Ұлттық тестілеу орталығының http://app.testcenter.kz сайтында тіркелуге болады. Атап өтейік, тіркелудің бірінші кезеңі 28 сәуірден 6 мамырға дейін, екінші кезеңі 7 мамырдан 14 мамырға дейін жүзеге асырылады.
“Талапкерлердің негізгі ҰБТ-ға дайындығын жақсарту мақсатында өткен жылы әр пән бойынша жеке тақырыптық талдау енгізілді. Яғни, әр ҰБТ-дан кейін (қаңтар, наурыз) түлектерге жеке тақырыптар бойынша білімдерін арттыру ұсынылады. Сонымен қатар, бірінші мүмкіндікті тапсырғаннан кейін олар екінші мүмкіндікке дейін дайындықтарын жақсарта алады . Одан бөлек, біз тегін онлайн байқау сынақтарын іске қостық. Білім беру орталықтарымен бірлесіп, тегін онлайн сабақтарды жалғастырдық. Ал оқу жылының басында ҰТО сайтында тест тапсырмалары құрастырылған әдебиеттер тізімі мен тест жоспары; «Қазақстан тарихы» және «Дүниежүзі тарихы» пәндері бойынша 100 тарихи дата тізімі; «Информатика» пәнінен терминдер тізімі; «Қазақ әдебиеті» және «Орыс әдебиеті» бойынша әдеби шығармалар тізімі жарияланды. Дайындық сапасын жақсарту үшін осы және басқа да қабылданған шаралар түлектерімізге тестілеуде жоғары нәтиже көрсетуге көмектеседі деп үміттенеміз”, – деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Тестілеу форматында өзгерістер жоқ. Пәндер саны өзгеріссіз қалады, яғни үш міндетті және екі бейіндік пәндер, барлығы 120 тест тапсырмасы.
Алайда, «Қазақстан тарихы» және «Оқу сауаттылығы» пәндері бойынша тест тапсырмаларының санына өзгерістер енгізілді. Енді «Қазақстан тарихының» бір нұсқасында 20 тест тапсырмасы болады: 1-ден 10-ға дейін – бір дұрыс жауапты таңдауға арналған; 11-ден 20-ға дейін – контекстке негізделген бір дұрыс жауапты таңдауға арналған тест тапсырмалары (5 сұрақтан 2 контекстік мәтін). Сондай-ақ, бұған дейін талапкерлерге оқу сауаттылығынан 20 тест тапсырмасы берілсе, енді 3 мәтін бойынша 15 тест сұрағы ұсынылады.
Осылайша, Қазақстан тарихы – 20, оқу сауаттылығы – 15, математикалық сауаттылық – 15 және екі бейіндік пән бойынша 35 тест тапсырмасы ұсынылады. Ең жоғары ұпай – 140. Тестілеудің жалпы уақыты – 4 сағат (240 минут). Сонымен қатар, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қосымша 40 минут уақыты сақталады.
ҰБТ тапсырмаларының құрылымында да өзгерістер бар. Жауапты Министрлік тест тапсырмаларында дистракторлар санын (жауап нұсқалары) қысқарту туралы шешім қабылдады. Бір дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында нұсқалар саны 5-тен 4-ке дейін, бір немесе бірнеше дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында (үш дұрыс жауаптан көп емес) нұсқалар саны 8-ден 6-ға дейін азайды.
2022-2023 оқу жылынан бастап «Информатика» пәні ҰБТ бейіндік пәндер комбинациясының тізіміне енгізілді. Осыған байланысты «Информатика мұғалімдерін даярлау», «Ақпараттық технологиялар», «Ақпараттық қауіпсіздік» білім беру бағдарламаларының топтарына түсушілер «Математика-Информатика» комбинациясы бойынша ҰБТ тапсырады.
«Академиялық адалдықты қамтамасыз ету мақсатында «1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші» қағидаты сақталады. Сондай-ақ, өткен жылдан бастап тест нұсқалары таңбаланғанын атап өткен жөн. Яғни, ҰБТ-ға қатысушылардың әрқайсысының жеке тест нұсқасы болады. Сонымен қатар, калькулятор, Менделеев және тұздардың ерігіштік кестесі компьютер экранында қолжетімді етіледі. Талапкерлердің пікірі мен қалауын ескере отырып, негізгі ҰБТ-да оларға Менделеев және тұздардың ерігіштік кестесінің қағаз нұсқасы беріледі. Тест тапсырушылар тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Сертификат аппеляциялық комиссияның шешімінен кейін талапкердің жеке кабинетінде қолжетімді болады», – деп атап өтті Руслан Емелбаев.
Шекті балл өзгерген жоқ: «Құқық» және «Педагогикалық ғылымдар» білім беру салалары үшін кемінде 75 балл, «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» кемінде 70 балл, «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» кемінде 60 балл; ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде 65 балл, басқа жоғары оқу орындарына кемінде 50 балл жинау керек.
Тестілеуге кіргізу кезінде қол және рамалық металл іздегіштер пайдаланылады. Бұл талапкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ережелерді бұзу мен тыйым салынған заттарды (ұялы телефон, шпаргалка және т.б.) алып өтудің алдын алу үшін қажет.
Тестілеу барысында аудиторияның (компьютерлік сыныптың) және бейнебақылаудың ауданына байланысты рұқсат етілген магниттік толқындар шегінде ұтқыр және радиоэлектрондық байланыс сигналдарын басатын құрылғылар қолданылады.

2023 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына соңына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз