2022 жылдың соңына дейін Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайдан бес бағытта жаңа әуе рейсі ашылады, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
“Ашық аспан” режимі аясында енді ақтөбеліктер 19 қазаннан бастап Таиланд, Пхукет аралына, 24 қазаннан бастап Дубайға, қарашадан бастап Ташкентке, сондай-ақ Самараға ұша алады.
Бұдан бөлек 1 қарашадан бастап Ақтөбеден Орал қаласына да тұрақты рейс ашылады. Ұшақтардың ұшуы сейсенбі және сенбі күндеріне жоспарланған. Ал 2023 жылдан бастап Ақтөбеден Көкшетау, Өскемен, Шымкент қаласына, сондай-ақ Үрімші, Чехия астанасы Прагаға жаңа рейс ашылады.
Бүгінде халықаралық әуежай 12 бағыт бойынша жолаушыларға қызмет көрсетеді. 2022 жылы Антальяға қатынайтын рейстер саны аптасына 6 рет, Мәскеуге 4 ретке ұлғайтылған. Онымен қоса шілде айында Бакуге рейстер ашылған.
Ал былтыр әуежай 750 мыңға жуық жолаушыға қызмет көрсетіп, 20 мың тоннадан астам жүк қабылдаған. Жүк тасымалдауда Ақтөбе Қазақстан бойынша 2021 жылы екінші орынға шыққан.