2 қарашада президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасына қатысушыларға рақымшылық жариялау туралы заңға қол қойды. Бұл жөнінде Ақорда баспасөз қызметі хабарлады.
Заңға сәйкес, 4-7 қаңтар күнгі “заңбұзушылықтарға қатысы бар” 1,5 мыңнан астам адам амнистияға ілінеді. Құжат жеңіл және орташа ауыр қылмыс жасағандардың барлығын қылмыстық жауапкершіліктен толық босатуды, ауыр және ерекше ауыр қылмыс жасап, сонысын мойындағандардың жазасын қысқартуды ұсынады.
Ресми деректерге қарағанда, қазір Қаңтар оқиғасы бойынша 1100-ден астам адамға сот үкімі оқылған. Басым бөлігінің бостандығы шектелген. 120-дан астам адам түрмеге кесілген. 300-ден астам адам қамау орындарында сот үкімін күтіп отыр. Қаңтарға қатысушыларға рақымшылық қолдану бойынша түпкілікті шешімді әрбір іс бойынша сот қабылдайды.