Алтай Көлгінов тоқтап тұрған LRT құрылысы туралы айтты

0
614
Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов.

10 ақпанда астана әкімі Алтай Көлгінов халықпен онлайн кездесуінде қала тұрғыны қойған LRT құрылысы туралы сұраққа жауап берді. Әкім құрылыстың жалғасуы екінші деңгейлі банктерден келетін қаражатқа байланысты екенін айтты.

“LRT құрылысы тұрғындарды алаңдатып отырған өзекті мәселе. Пандемияға байланысты құрылыс тоқтады және тек қазақстандық емес екінші деңгейдегі әлемдік банктерден қарыз алу жұмыстары жүріп жатыр. Банктермен мәселе шешілсе жұмысқа кірісу ғана қалды. Тоқтап тұрған LRT қала көрінісіне айтарлықтай әсер етпейді. Ол жерге көлемді қаражат жұмсалды. Сондықтан бұл жұмысты жалғастыратын боламыз. Қазір инвестиция тарту мақсатында банктермен келіссөз жүріп жатыр”, – деді қала әкімі.

Таңертең 10:00-ден басталған әкімнің есеп беруі Нұр-Сұлтан әкімдігінің YouTube және Facebook-тегі ресми аккаунттарынан көрсетіліп жатыр.

Нұр-Сұлтанда LRT құрылысы 2016 жылы басталған. Бастапқы жоспар бойынша құрылыс жұмыстары 2019 жылы 31 желтоқсанда аяқталып, 2020 жылы жазда пайдалануға берілуі тиіс еді. 22 километрден асатын жолды салуға 1 миллиард 887 миллион доллар бөлінген. Бірақ кейін құрылыс жұмыстары тоқтап қалған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы күзде жобаны ашық сынап, “даулы жоба” деп атаған.

Жемқорлықпен күрес іс-қимыл агенттігі LRT жобасы бойынша “ақша жымқыру схемасын Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков, “Астана LRT” компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ардан ұйымдастырған” деп мәлімдеген.

2019 жылы жазда премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смаилов LRT жобасын жүзеге асыру үшін Қазақстанның Қытайдың даму мемлекеттік банкінен 1,5 млрд доллар көлемінде қарыз алғанын хабарлаған, оның 344 млн доллары құрылысқа жаратылып қойған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз