Мемлекет басшысы Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы №569 Жарлығына өзгеріс енгізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.
«Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы №569 Жарлығына өзгеріс енгізу туралы
ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы №569 Жарлығына (Қазақстан Республикасы ПҮАЖ-ы, № 50-51-52, 326-құжат) мынадай өзгеріс енгізілсін:
аталған Жарлықпен бекітілген латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиі осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Осы Жарлық жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Еске сала кетейік, 26 қазанда мемлекет басшысы қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру туралы Жарлыққа қол қойды. 16 қараша күні Елбасының Жарлығында белгіленгендей, Ұлттық Комиссияның бірінші жиналысы өткен болатын.
Бұған дейін ұсынылған диграф (қосарлы әріп) пен апостроф (жоғары жақтағы үтір) нұсқалары түрлі құйтырқы әзілдерге түрткі болып, наразылықпен қабылданған еді. Ал күні кеше жарияланған жаңа әліпбидің өзгертілген нұсқасында төл дыбыстарымыз акут (екпін) белгісімен таңбаланған.
Жадыра Аманбайқызы