Грузияда тұтқындалған түрік оқытушы еркіндікке қауышты

0
75

Түрік үкіметінің бастамасымен Грузияда қамауға алынған Мустафа Эмре Чабук есімді оқытушы еркіндікке қауышты. Бұл туралы Еуропарламент депутаты Ребекка Хармс хабарлайды.

Түркия билігіндегі «Ақ партияның» (Әділет және даму партиясы) жалған құжаттар мен бояма дәлелдерді айдап салуымен өткен жылы мамыр айында қамауға алынған Мустафа Эмре Чолак бостандыққа шықты.

Германия атынан Еуропарламентке өткен депутат Ребекка Хармс әу бастан-ақ  М.Э.Чолактың кінәсіз екенін дәлелдеуге тырысты. Хат жазды, қамауда отырған жеріне арнайы барып, түрік оқытушымен кездесті. Ақыр соңында М.Э.Чолактың кепіл ақшаға босатылуына ықпал етті.

Мустафа Эмре Чолак – 15 жыл бойы Грузияда тұрып, грузин балаларының әлемдік стандарттарға сай білім алуы үшін тер төккен азамат болатын. Соңғы үш жылда отанына бармаған болса да, 2016 жылдың 15 шілдесінде Түркияда болған төңкеріс әрекетіне қатысы бар деген күдікпен ұсталды. Неміс депутат Р.Хармс бұл жайттың сандырақ (абсурд) екенін ақырында дәлелдеді.

Ребекка Хармс Мустафа Эмре Чолактың еркіндікке қауышуын твиттер парақшасы арқылы осылай сүйіншіледі:

«ЖАҒЫМДЫ ЖАҢАЛЫҚ: Грузиялық депутат әріптесім Тамар Хулхордава Мустафаның кепіл ақшаға босатылғанын жазды. Ол үшін, оның отбасы және Грузия үшін өте қуаныштымын».

Р.Хармс М.Э.Чабуктың Түркияға экстрадициялануының алдын алу үшін Грузияның премьер-министріне хат жолдады, әрі сол елге жеке барып, тұтқында отырған оқытушымен жүздескен болатын.


ШЕТЕЛДЕ ТҰРУ – ҚУДАЛАНУҒА КЕДЕРГІ ЕМЕС!

Түркия басшылығы 2016 жылдың 15 шілдесінде болған төңкеріс әрекетін ислам ғалымы Фетхуллаһ Гүленнің айтағымен ұйымдастырылды деп танып, «Қызмет» қозғалысына қарсы өзіндік майдан ашты.

Төңкеріс әрекетінен кейін төткенше жағдай жарияланып, оның мерзімі бірнеше мәрте ұзартылды.

Қозғалысқа тиесілі немесе өкілдерінің иелігіндегі мектеп, университет, білім орталықтары, емхана, холдинг секілді нысандар рейдерлікпен тартып алынды.

Қозғалыс өкілдерінің мүліктері тәркіленді. (Тіпті жоғарғы оқу орнын бітіргендігін растайтын дипломдары жарамсыз деп табылғандар да бар)

Соңғы екі жылдың төңірегінде «Қызмет» қозғалысына қатысы бар деген сылтаумен 50 мыңға жуық азамат қамалды.

Қазіргі таңда жаза өтеу орындарында 700-ге жуық бала бар: жасы ең кішілері – құндақтаулы сәбилер (темір тордың арғы жағында дүниеге келгендері де бар), ал үлкендері оқуларын жалғастыру мүмкіндігінен мақұрым.

120 мыңға жуық азаматқа қатысты сот процесі жалғасып жатыр.

Қудалауға ұшыраған бұл кісілердің бір бөлігі сапардың қауіптілігіне қарамастан, елден босып шығуға мәжбүр.

2017 жылы Түркиядан шыққан оң мыңнан астам азамат Еуропа елдерінен саяси баспана сұраған.

Елдегі қудалаулар аздай, түрік үкіметі шетелде жүрген өз азаматтарына тыныштық бермей отыр.

Әсіресе «Қызмет» қозғалысының бастамасымен құрылып, білім саласында сол елдердің болашағы үшін қызмет көрсетіп жатқан білім беру мекемелеріне көз салып келеді.

Әлемде маркаға айналып үлгерген «түрік мектептерінің» жабылуын талап еткен ресми Анкара онда қызмет ететін түрік ұстаздардың экстрадициялануын да сұрайды.

Құқықтық негіздеме ретінде 2016-ның шілдесінде болған сәтсіз төңкеріс әрекеті көрсетіліп келеді.

Эстрадициялануы талап етілген оқытушылар арасында Грузияда тұтқындалған М.Э.Чабук секілді (төңкеріс әрекетіне қатысы болмақ түгілі) бірнеше жыл бойы елдеріне бармаған мыңдаған ұстаз бар.

Шетелде 15-20 жыл бойы тұрып жатқан бұл ұстаздардың Түркияның ішкі саяси оқиғаларына тіпті жанама түрде қатысының болмауы Анкараны райынан қайтарар емес.

Ерлан Мұқан

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз