ASTANA MEDIA WEEK 2022: Қазақстанда БАҚ өкілдерінің дәстүрлі жиыны басталды

0
146
ASTANA MEDIA WEEK 2022.

26 қазан күні Астанада Қазмедиа орталығында жыл сайын өтетін Astana Media Week 2022 БАҚ өкілдерінің дәстүрлі жиыны басталды.

Биыл алтыншы рет өткізіліп отырған басқосуда отандық және шетелдік жетекші медиаменеджерлер, мемлекеттік құрылымдардың өкілдері, ақпарат агенттіктердің басшылары, журналистер, блогерлер және тәуелсіз сарапшылар тәжірибе алмасып, түрлі талқылау жасайды.

Жиында 150 отандық және халықаралық спикерлердің қатысуымен 30-дан астам іс-шара жоспарланған.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, “Жаңа дәуір – жаңа медиа” тақырыбымен өтіп жатқан бұл жоба жаңа дәуірдегі сенім, жаңа уақыттағы кәсібилік және БАҚ-тың үздіксіз дамуы деген үш құндылығының мағынасын аша түспек. Бүгінде мұның бәрі әлеуметтік әріптестік пен коммуникациялық дамудың негізі.

Медиа апта “Контент-маркет” көрмесінен басталды. Ол жерде республикалық және өңірлік телеарналар қатысып, 50-ден астам продакшн-компаниялар таныстырылым жасады. Жаңа телебағдарламалар, реалити-шоулар, мультфильмдер, көркем және деректі фильмдерді таныстыру үшін ашық питчинг ұйымдастырылмақ. Продакшн студиялар инвесторлар мен сатып алушыларды тарту үшін эксклюзивті бейне контенттерін көрсетеді. Ал “ҚАЗАҚСТАН “РТРК” мен “Хабар Агенттігі” жабық тақырыпта питчингтер өткізеді.

Meta – Astana Media Week-тің жеке тақырыбы. Метағалам – цифрлық шындық, миллиондаған адамдар желіде кездесіп, виртуалды кеңістікте өзара әрекеттесетін 3D виртуалды әлем. Метаның дамуы БАҚ-қа қалай әсер етеді? Қазіргі оның медиа үшін қандай артықшылығы бар? Бұл сұрақтарға негізгі пленарлық отырыста еліміздің белгілі саяси қайраткерлері мен іс- шараның хедлайнерлері ретінде шақырылған META және TikTok командалары жауап береді.

Анастасия Панина, Шығыс Еуропадағы TikTok Global Business Solutions директоры және TikTok Kazakhstan компаниясының болашақ басшысы.

Пленарлық сессияға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және арнайы шақырылған қонақ Қырғызстанның Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Алтынбек Мақсұтов қатысты.

Бірінші күні AMW қатысушылары панельдік сессия аясында Әзербайжан,Өзбекстан және Қырғызстан сияқты Орталық Азия бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен ортақ сын-қатерлерге ортақ жауаптарды қалай табуға болатынын талқылайды.

Әлеуметтік желіде медиа өнім жасайтын жаңа медиа өкілдері инфлюенсер – блогерлер де өзекті мәселелерді талқылайды. Пікірталас алаңында блогосаланың эволюциясы, интернет ресурстарды монетизациялау жайы сарапталмақ.

Форумның екінші күні “Қазақстандағы жарнама медиа-нарығы: қазіргі жағдайы” тақырыбындағы пікірталас алаңынан басталады. Онда Орталық Азия жарнама қауымдастығының сарапшылары мен ірі ТВ сейлз хаус өкілдері 2022 жылдың бірінші жартыжылдығының нәтижелері бойынша жарнамалық медиа нарықтағы жағдай туралы айтады.

Сондай-ақ екінші күннің бірінші жартысында “Сериал индустриясының жаңа кезеңі” панельдік секциясы барысында отандық продакшн-студиялардың өкілдері, “Хабар Агенттігі” АҚ, “ҚАЗАҚСТАН “РТРК” АҚ, “31 арна” республикалық арнасы және басқа да медиа сарапшылар 2023 жылға арналған жаңа сериялардардың идеялары мен тақырыптарын ұсынады.

27 қазанда Қазақстанның барлық өңірінен келген медиа саланың өкілдері өңірлік БАҚ форумында жиналып, аймақтағы медиа саланың трендтерін, проблемалары мен даму жолдарын талқылайды.

Сонымен қатар медиаапталықтың екінші күні биыл құрылғанына 15 жыл болған Бас редакторлар клубының форумы өтеді. Форумда БАҚ менеджменті саласындағы білімді тереңдету және саладағы кадрлық әлеуетті дамыту мәселелері талқыланбақ.

Үшінші күні баспасөз хатшылары үшін бөлек сессия өтеді. Бұл сессия журналистермен қарым-қатынас жасау, дағдарыс жағдайында жұмыс істеу және БАҚ этикасы тақырыптарына арналған семинарлар сериясы форматында өтпек.

Уоркшоптар соңында Үздік баспасөз хатшысы марапатталып, “Ақпарат саласының үздігі” төсбелгісін табыстау рәсімі өтеді.

Astana Media Week дәстүрлі түрде баспасөз, радио, интернет-журналистика саласындағы үздік жетістіктері үшін “Үркер” сыйлығының салтанатты рәсімімен аяқталады.

Abdimanap KENGES

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз