Қазақстанда бір жылда азық-түлік бағасы 22,2 % өсті

0
187
Photo: turkistantimes.kz

Қазақстанда қыркүйекте инфляция деңгейі тамыз айымен салыстырғанда 1,8%-ға артты. Бұл жөнінде ұлттық статистика бюросы хабарлады. 

Өткен айда инфляцияның ең жоғары өсім қарқыны ақылы қызметтерде байқалған – 2,7% (2022 жылғы тамызда – 1,6%), азық-түлікке жатпайтын тауарлар 1,9% (тамызда – 1,8%) қымбаттады. Бағаның артуының ең төменгі қарқыны азық-түлік тауарларына тіркелді– 1,2% (2022ж. -1%).

Ақылы қызметтер арасында қыркүйек айында ең жоғары өсім тұрғын үйді жалға беруде байқалды – 13,1%, білім беру қызметтері 7,1% қымбаттады.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың ішінен жиһаз бен тұрмыстық заттар бағасы 5% көтерілді, жуу және тазалау құралдары 4,4%, жеке пайдалануға арналған тауарлар 2%, киім мен аяқ киім 1,9% қымбаттады. Отын бағасы 3%, тас көмір 2,9%, баллондағы сұйытылған газ 1,5% көтерілді.

Азық-түліктің бағасы қыркүйекте 1,2% өсті. Жұмыртқа бағасы 7,5%, күнбағыс майы 4,6%, күріш, макарон өнімдері әрқайсысы 4,1%, тоқаш және ұн өнімдері 3,8%, жармалар 3,2%, кондитер өнімдері 3,1% жоғарылады. Бұл ретте, жаңа піскен көкөністер бағасы 10,2%, картоп 8,5%, құмшекер 5,2%, жаңа піскен жемістер 3% арзандады.

Жылдық инфляция деңгейі 17,7% құрады. 2022 жылғы қыркүйекте азық-түлік тауарларының бағасы өткен жылғы қыркүйекпен салыстырғанда 22,2% артты. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар құны 17%, ақылы қызметтер 12,3% көтерілді.

Айта кетейік, ұлттық статистика бюросы ай сайын 508 позиция бойынша қызмет пен тауарлардың баға өзгерісін бақылап отырады.

“Бағаларды тіркеу барлық облыс орталығында, астанада және қалалар мен аудан орталықтарының белгілі бір шеңберінде әртүрлі меншік нысанындағы сауда және қызмет көрсету саласы кәсіпорындарының іріктемелі желісі бойынша жүргізіледі”, – деп түсіндірді бюроның баға статистикасы департаментінің директоры Қуанышбек Жақыпбекұлы.

Осы жылдың басынан бері тұтыну бағаларының индексін есептегенде азық–түлік тауарларының үлесі – 40,7%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 30,2%, ақылы қызметтер 29,1% құрайды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз