Қазақстанда Назарбаевқа бір күнде екі ескерткіш ашылды

0
1,172
Нұр-Сұлтанда Елбасыға қойылған ескерткіш.

3 шілде күні Нұр-Сұлтан және Түркістан қалаларында Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ескерткіш қойылды. 

НҰР-СҰЛТАНДАҒЫ ЕСКЕРТКІШ

Елбасы құрметіне қойылған 17-ші ескерткіш Елордада Назарбаев атындағы кітапхана жанында Әлихан Бөкейхан мен Керей, Жәнібек хандар көшелерінің қиылысындағы жуырда ашылған саябақтың аумағында орналасқан. Жаңа ескерткіштің ашылу рәсімі Назарбаевтың туған күніне санаулы күн қалғанда өтті. 6 шілдеде Елбасы 81 жасқа толады. Бұл күні елде Астана күні мерекесі болып белгіленген.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы ескерткішінің ашылу рәсімінде. Photo: akorda.kz

Ескерткіштің ашылуында сөйлеген ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет негізін қалыптастыруға, еліміздің шекара шебін айқындауға, халықаралық келісімдермен біржола шегендеуге, жаһандық дағдарысты еңсеруге, халықаралық беделін нығайтуға Нұрсұлтан Назарбаевтың зор үлес қосқанын атап өткен.

“Елбасы көптеген халықаралық бастама көтеріп, мемлекетімізді жаһандық саясаттың төріне шығарды. Оны бүкіл әлем ұлы саясаткер, тарихи тұлға ретінде біледі. Қасиетті Отанымыз – Қазақстанның бүгінгі және ертеңгі ұрпағы осындай ұлт перзентіне қарап, бой түзейді”, – деді Тоқаев. 

ТҮРКІСТАНДАҒЫ ЕСКЕРТКІШ

Түркістан қаласындада да Нұрсұлтан Назарбаев ескерткіші ашылды. Ескерткіштің биіктігі – 4 метр, тұтастай қоладан құйылған мүсіннің авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайтарткері, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Тілеуберді Бинаш.

Нұрсұлтан Назарбаевқа Түркістан қаласында қойылған ескерткіш.

Түркістан облысы әкімдігі таратқан ақпаратта Елбасыға ескерткіш қою туралы бастаманы кәсіпкер Болатбек Алиев көтеріп, аталған идеяға түркістандық ардагер-ақсақалдар, зиялы қауым өкілдері, мәслихат депутаттары мен кәсіпкерлер, қоғамдық ұйым өкілдері қолдау білдіргені жазылған.

Түркістан қаласында Нұрсұлтан Назарбаевқа ескерткіш орнату туралы бастаманы мамыр айында өткен “Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы: интеграциялық және ынтымақтастық перспективалары” атты халықаралық конференцияда сөз сөйлеген ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшы орынбасары доцент, доктор Билаль Чакыджы көтерген болатын.

Түркі дүниесінің рухани астанасы Түркістанның дамуына, көне шаһарға жаңа леп әкелген, түркі интеграциясын іске асыру идеясына мұрындық болған Нұрсұлтан Назарбаевқа облыс орталығы – Түркістан қаласынан ескерткіш орнату бастамасын көтеремін. Бұлай деуіме үлкен негіз бар”, – деген еді сол кезде Біләл Чакыджы.

Чакыджының ұсынысынан араға екі күн салып Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай бұндай бастамаларды президент Назарбаев ұнатпайтынын мәлімдеген.

Осылайша Елбасы қарсы болса да Түркістанда “Ұлы дала ұлы” атты тағы бір ескерткіш бой көтерді.

Қазақстанда Нұрсұлтан Назарбаевқа қойылған ескерткіштер бұрыннан бар. Экс-президенттің есімі әуежай, оқу орындары, музей, кітапхана, көше мен саябақтарға берілген. 2019 жылы наурызда президенттіктен кеткен соң Назарбаевтың құрметіне ел астанасының атауы Нұр-Сұлтан деп өзгертілген. Елдің бұрынғы президенті жайлы туралы фильмдер түсіріліп, кітаптар жазылған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз