Қазақстанда үшінші жаңғыру кезеңі басталды

0
252

Бүгін елордада өткен цифрландыру мәселелері жөніндегі республикалық жиында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев экономиканың тұрақты дамуы үшін сандық технологияны дамытудың аса қажеттігін атап өтті.

Бұдан өзге Қазақстан басшысы өткен ғасырда Еуропа елдерінде технологиялық прогресстер қарқынды орын алып жатқанда түрлі тарихи себептермен Кеңес Одағы аталған дамудан кенде қалып қойғанын алға тартып, өткенге өкпе жоғын айта отырып, әлем картасында болмаған Қазақстан бүгін атаулы жетістіктерге жеткенін атап өтті.

Цифрландыру кезеңіне өтудің маңыздылығын атаған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев үшінші жаңғыру кезеңінің табалдырықтан аттағанын және бұл цифрландырумен тікелей байланысты екенін тілге тиек етті.

Сонымен қатар қазақстандықтарға цифрландыру мүмкіндіктері мен танымдарын меңгеру қажеттігін алға тартты. Цифрландыру үрдісіне өту барысында Елбасы кадрлар дайындығы, құзыреттілікке лайықталған орталықтарды, қаржылық секторларды дамыту сынды негізгі қағидаларға да тоқталып өтті.

Білімсіз кадрларсыз мемлекеттің дамымайтынын нақты атаған Елбасы өркениеттен шет қалып қоймау үшін де, әрі кешегі ата-бабаларымыздың жарқын арман-мұраттарын орындау үшін де бүгінгі үшінші жаңғыру кезеңі маңызды екенін және жаңа заман талабына сәйкес цифрландыру мәселесі алдағы уақытта күн тәртібінде тұратынын атады. Жиын барысында Қазақстан басшысы Еуразиялық Экономикалық одақ негізінде Қазақстан, Ресей, Белоруссия елдері өзара цифрландыру бойынша бірлескен комиссия құру керек деген ой тастады.

Аталған жиында сөз алған ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Қазақстан цифрландыру мәселесінде негізге алатын бірнеше жайттарды атап, ұжымдық секторларды дамыту қажеттігін сонымен қатар жаңа технологияларды қолдану арқылы шаруашылықты немесе өзге де салаларда түйінін таппай жүрген мәселелрді оңай шешуге болатынын атап өтті.

Өз кезегінде жиынға қатысушы халықаралық сарапшылар Қазақстанның цифрландыруға өту кезеңінде есепке алатын маңызды ой-пікірлерімен бөлісті. Әсіресе сандық технологияларды қолдану барысында Сингапур, Оңтүстік Корея мемлекеттерінің тәжірибелерін негізге алу керектігі туралы бірнеше халықаралық сарапшылар атап өтті. Мемлекеттің жеке және мемлекеттік секторларының жұмысы, кибер қауіпсіздік мәселелері, венчурлық капитал, басқару жүйесінің аталған салада күш салып жұмыс істеуі т.б түрлі стратегиялық мақсаттар мен қызықты ұсыныстар айтылды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз