Биыл Қазақстанда алаяқтық істері 39 пайызға көбейген. Заң бұзғандар қарапайым халыққа 35 миллиард теңгеге жуық шығын келтірген. Бұл туралы ranking.kz сайты хабарлады.
2021 жылдың қаңтар мен қыркүйек аралығында “алаяқтық” бабы бойынша 31,9 мың құқық бұзушылық тіркелген. Бұл көрсеткіш былтырға қарағанда 39%-ға артық. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, былтыр қаңтар мен қыркүйек аралығында 23 мың алаяқтық іс тіркелген.
Биылғы алаяқтық істердің жартысынан астамын интернет-алаяқтық құрады. Қылмыстың жалпы санының 52%-ы (16,6 мың). Бұдан басқа, елімізде төлем карталарын пайдалана отырып алаяқтық саласында 266 қылмыстық құқық бұзушылық, ақша қаражатын қарызға беру арқылы 108 құқық бұзушылық, кредит беру саласында 31 құқық бұзушылық, жер құқықтық қатынастары және жылжымайтын мүлікке байланысты 6 құқық бұзушылық тіркелді.
2021 жылдың басынан бері барлығы 125,2 мың қылмыстық құқық бұзушылық тіркеліп, оның ішінде “алаяқтық” бабы бойынша қылмыстық құқық бұзушылық 25,5 пайызды құрады.