Сәрсенбіде бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған ҚМДБ өкілдері қажылыққа аттанған қазақстандықтардың алғашқы легін Алматы әуежайынан шығарып салды.
Оқи отырыңыз: ҚМДБ қажылық конкурсының нәтижесін жариялады
Қажыларды шығарып салуға арналған арнайы рәсім қасиетті Құран аяттарын оқумен басталды. Бас мүфти ұлы сапарға аттанып бара жатқан қажыларға сәт-сапар тілеп, ислам дініндегі бес парыздың бірі қажылықтың мән-маңызына тоқталды.
“Пандемия салдарынан екі жыл бойы қажылық есігі жабық болған еді. Енді міне, Алланың қалауымен, Хақ Тағаланың шақыртуымен қасиетті Қағбатуллаға қажылыққа аттанып барасыздар. Алла сапарларыңызды мүбарак етсін! Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жаман сөз сөйлемей, күнәлі әрі орынсыз ешнәрсе жасамай, Аллаға қажылық жасаған адам анасынан жаңа туғандай (күнәсіз) оралады» деген. Ендеше осы ұлы сапарда Алла Тағала барша отандастырымызға Өзінің жеңілдігін беріп, аман-есен құлшылығын өтеуді нәсіп етсін!”, – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Айта кетейік, 29 маусымда Алматы әуежайынан 400-ге жуық адам парызын өтеуге аттанды. Ал Қазақстаннан 4000 адам қажылыққа баруға ниет етіп отыр. Оларға 14 қажылық компаниясы қызмет көрсетеді.
Қажылық – ислам дінінің бес парызының бірі. Денсаулығы мен қаражаты бар мұсылман ғұмырында бір рет қажылық жасауға міндетті. Жыл сайын 180-нен астам елден 2,5 миллион адам Сауд Арабиясындағы Мекке мен Мәдинаға қажылыққа барады.
Қажылық екі жыл қатарынан коронавирус індетіне байланысты шектеулі түрде өткен.