Қазақстандықтар мобильдік құрылғылар арқылы шетелде жүріп те сот отырысына қатыса алады. Бұл туралы электронды әділет саласындағы соңғы жаңалықтармен танысу барысында пресс-турда айтылды.
Жоғарғы соттың жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Нұрсерік Шәріпов мәлімдегендей, 2017 жылдан бастап сотта Мобильді сот залы қызметі қосылады.
«Енді тараптарға сотқа барудың қажеті жоқ. Ол сот процесіне ғаламторға қосылған мобильдік құрылғының көмегімен, соның ішінде шетелде жүрсе де қатыса алады», – деп түсіндірді ол.
Бұдан өзге БАҚ өкілдеріне Ситуациялық орталық (СО) көрсетілді.
СО – онлайн режимде негізгі сот ақпаратының талдамасы мен тәулік бойғы жинағын онлайн режимде жүргізетін сот қызметін бақылаудың бірыңғай жүйесі. Жоғарғы сот СО көмегімен нақты уақыт тәртібінде сот жұмысындағы кемшіліктерді байқап, оларды жою жөнінде шаралар қабылдайды.
Тұтастай алғанда СО көмегімен 370 жергілікті соттардың жұмысы 700 көрсеткішпен бақыланады. Келіп түсетін ақпарат төрт блоктан тұрады: іс жүргізу және сот ісін жүргізу, «Төрелік» жүйелік мониторинг компоненттері, ақпараттық қауіпсіздік және аудиовидео бақылауларын қолдану.
Сайлаубай Сабина