Қазақстан Қарулы күштерінің топографиялық қызметі Қорғаныс министрінің бұйрығымен 1992 жылғы 30 қаңтарда құрылды. Бұл әскерлердің қызметі бейбіт және соғыс уақытында топогеодезиялық мәліметтермен қамтамасыз етуге негізделген, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Жергілікті жер туралы өзекті ақпараттың болуы – қазіргі заманғы ұрыста әскерлердің нәтижелі іс-қимыл жасаудағы маңызды құрамдас бөлігі. Сондықтан карта әскерлерді тиімді басқаруға, жоспарлауға және шешім қабылдауға барлық деңгейдегі командирлердің бас көмекшісі болып табылады.
Әскери топографтар бөлімшелерді жер туралы қажетті деректермен қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін геоақпаратты жинап, өңдеудің заманауи техникалық құралдарымен жабдықталған спутниктік геодезиялық аспаптардың, арнайы жылжымалы кешендердің көмегімен атқарады.
Топографтардың құралдарының қатарына телевизиялық, фотографиялық және инфрақызыл камерамен жабдықталған ұшқышсыз басқарылатын құрылғылар кіреді. Олардың көмегімен фото-бейне және топографиялық түсірілім, нақты уақыт режимінде аймақты барлау жүргізіледі.