Осы жылы Ораза айт мерекесі 24 мамырға түсті. Жексенбі күні таңертең Қазақстан мешіттерінде Ораза айт намазы оқылмады.
Үш күн бұрын Қазақстанның Мұсылмандар діни басқармасы пандемияға байланысты мешіттерде Ораза айт намазы оқылмайтынын хабарлап, айт мерекесін үйде отбасымен бірге қарсы алуға шақырған еді.
Жыл сайын мұсылмандарға қасиетті саналатын Рамазан айы біткеннен кейін Қазақстандағы мешіттердің барлығында айт намазы оқылып, түрлі қоғамдық шаралар ұйымдастырылатын. Айт кезінде әр отбасында дастарқан жайылып, адамдар бір-бірін мерекемен құттықтап, игі тілек тілеп, үйіне айттап келген мейманға арнайы әзірленген дәм ұсыну дәстүрге айналған.
Жексенбі күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев елді Ораза айт мерекесімен құттықтады деп хабарлады Ақорда.
“Рамазан айында сабыр сақтап, төзімділік танытқанымыздың арқасында індетке байланысты қалыптасқан ахуал біршама тұрақтанды. Халқымыздың парасаты мол, бірлігі бекем болса, бұл сынақтан да сүрінбей өтеміз деп сенемін” делінген құттықтауда.
Биыл пандемияға байланысты әлем елдерінде Айт мерекесі күні өтетін фестивальдар, түрлі шараларға тыйым салынған.
18 мамырдан бастап Қазақстанның кейбір өңірлерінде мешіттер ашыла бастаған. Бірақ оған топ болып жиналуға шектеу қойылған.
Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда 8322 адамнан коронавирус табылған. 4214 адам жазылған. 35 адам қайтыс болған.