Биыл ұлттық қордан қанша бала ақша алады?

0
19
фото: Pixabay

Орталық коммуникациялар қызметінде, Ұлттық қор және қаржы секторы мәселелері бойынша өзара іс-қимыл департаментінің директоры Арғынғазинов Айбол, 300 мыңнан астам бала биыл ұлттық қордан ақша ала алатынын айтты.

«Ұлттық қордағы кейінгі 18 жылда қалыптасқан орташа инвестициялық кіріс 695 миллион 519 мың 269 АҚШ доллары сомасындағы қаражат 6 919 131 балаға теңдей бөлініп, әрбір баланың есепшотына 100,52 АҚШ доллары есебінде нысаналы салым түсті. 304 815 бала, осы қаражатты биыл пайдалана алады», – деді Арғынғазинов Айбол.

Бұл ақшаны олар қаражатты білім алу немесе тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін пайдалана алады.

Ақшаны алу үшін тұтынушы тараптан зейнетақы қорына өтініш түсіп бастаған. Алайда, «БЖЗҚ» басқарушы директоры Шәріпов Мұрат, 19 адамның өтініші қабылданбағанын айтты.

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына 100-ден астам өтініш түсті. Оның ішінде 54-і білім беру ақысын төлеу, 49-ы тұрғын үй жағдайын жақсарту. Осы өтініштердің 63-і орындалды. 21-і қарастырылуда. 19-ы қабылданбады. Себебі, кейбір азаматтар бірнеше өтініш енгізген, сомасын немесе деректерді қате көрсеткен. Сондықтан ол азаматтар өтініштерін түзеп, қайтадан өтініш беруіне мүмкіндіктері бар», – дейді Шәріпов Мұрат.

Естеріңізге сала кетейік, жоба бойынша биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап балаларға автоматты түрде есепшот ашылып, әрқайсысына қаражат жинақталады. Бұл қаржы әр қазақстандық бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады. Оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды.

Кәмелетке толған балалар, есепшотындағы ақшаны біріншіден тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе тұрғын үйді сатып алуға пайдалана алады. Алайда бұл мақсатта қаражатты тек Қазақстан аумағында пайдалана алады. Ал, екіншіден білім алу үшін пайдалана алады. Бұл жағдайда ақшаны тек қазақстандық емес, шетелдік оқу орындарында да пайдалана алады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз