4 мамырда инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев республикалық бюджеттен сумен қамтамасыз етуге 215 млрд теңге, оның ішінде қалаларда 120 млрд теңге және ауылдарда 95 млрд теңге қарастырылғанын мәлімдеді. Бұл туралы ortcom.kz сайты хабарлады.
Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қалалық және ауылдық елді мекендерді сумен жабдықтау мәселелері қаралды.
Баяндама жасаған индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев өткен жылдың қорытындысы бойынша елімізде сумен жабдықтау қызметтерінің қолжетімділігі 96%-ды, оның ішінде қалаларда 98,1%-ды және ауылдарда 93%-ды құрағанын хабарлаған.
Ауылдарда ауыз сумен қамтудың ең төменгі деңгейі Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында байқалған. Қалада сумен жабдықтау бойынша Жамбыл облысы артта қалып отыр. Сумен жабдықтау қызметтері Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Атырау және Қызылорда облыстарының қала тұрғындарына 100% қолжетімді.
Премьер-министр Әлихан Смайылов қазақстандықтарды сумен қамтамасыз ету ең маңызды міндеттердің бірі екенін және 2025 жылдың соңына дейін халықтың 100%-ы таза ауыз сумен қамтылуы керек екенін атап өткен.
«Кейбір топтық су өткізгіштердің құрылысы жылдар бойы аяқталмай жатқаны жасырын емес. Дегенмен қазір жағдай біршама жақсарып келеді. Құрылысы ұзаққа созылған 10 жобаның қазір 7-і пайдалануға берілді. Қалған 3 жоба биыл іске қосылады. Мұндай проблемалардың орын алуының басты себебі – негізінен жобалық құжаттамалардың сапасыз дайындалуы. Соның кесірінен жоба құны бірнеше есе қымбаттап кетеді де тапсырыс берушілер мен мердігер компаниялар арасында келіспеушілік орын алады. Жаңа жобаларды іске асыру кезінде осы жайттардың барлығын ескеріп, тапсырма уақытында орындалуы қажет», — деді Ә. Смайылов.
Тұрғындарды сумен қамтамасыз ету жөніндегі өңірлік саясатты іске асыру барысында Түркістан, Батыс Қазақстан, Жамбыл және Қарағанды облыстарының әкімдіктері 2023 жылы іздестіру-барлау жұмыстары мен жобалық-сметалық құжаттарды дайындауды аяқтауы қажет.
Жаңадан салынатын және қолданыстағы сумен жабдықтау инфрақұрылымдарының қалыпты жұмысын қамтамасыз ету үшін ұлттық экономика, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері әкімдіктермен бірлесіп, ауылдарды сумен қамтамасыз етумен айналысатын пайдаланушы мекемелерге бірыңғай талаптарды бекітуі қажет. Сол арқылы жергілікті жерлерде қызмет көрсететін ұйымдардың жұмысы толығымен ретке келтіріледі.