Республика партиясының депутаты Руслан Берденов, «Уақыт көрсетеді» Youtubе арнасына берген сұхбатында, букмекерлік кеңселерге қарсы жүргізіп жатқан жұмыстарына байланысты қысым көрсетіп жатқан БАҚ тізімін айтты, деп хабарлайды Kazaknews.kz Ақпараттық агенттігі.
Депутаттың айтуы бойынша бұл тізімде Zakon.kz, Ulysmedіa порталы және Kozachkov телеграм арнасы бар.
«Жаңалықтар жағынан қысым жасап жазады. Мен ашық айтайын Zakon.kz соларды (Букмекерлік кеңсе) қатты қолдайтын портал. Әрқашан Айгүл деген журналист жазады. Түсіндіріп тұр солардан ақша алынып, жазып тұрғанын. Ulysmedia жазады, үлкен бір мақала шыққан осыған байланысты. Козачков деген жазады, өзі кеше ғана изолятордан шыққан жігіт. Козачковтың жазғаны, «Республика партиясы, оның ішінде Руслан Берденов деген депутат 109 миллиардты құртпақшы. Біз сол 109 миллиардқа Семейге қаншама тікұшақ аламыз, қаншама техника аламыз» Бұл салыстырылмайтын, логикасы жоқ топастық», – дейді депутат Берденов, өзіне медиа тарапынан жасалған қысым туралы.
Оның айтуынша 2022 жылы букмекерлік кеңседен мемлекет қазынасына түскен салық 109 миллиард теңгені құраған. Алайда депутат мұның айтарлықтай көп емес екендігін мәлімдеді. Ол, бұл ақшаны басқа жолмен табуды ұсынды.
«Бізде көліктерге заң жүзінде терезесін қараңғылауға болмайды. Бірақ Өзбекстанда ақша төлесе болады. Дубайда, Өзбекстанда және басқа да елдерде бұл мәселе шешілген. Терезе қараңғылағың келсе 25 пайызына ақшасы осыншама, 50 пайызына осыншама, 75 пайызына осыншама деп көрсетілген. Мен санап шықтым, біз сол 100-150 миллиардты содан-ақ ала аламыз. Мысалы көлік нөмірі сатылып жатыр. Бюджетке жақсы ақша түсіп жатыр содан. Көлік терезесін қараңғылау да тура сол сияқты», – деп түсіндірді депутат.
Руслан Берденов бұл әскерилер арасында да үлкен проблема екенін айтады.
«Отан қорғау» приоритет бойынша нешінші екенін білмеймін, бірақ офицерінен бастап әскеріне шейін ойындарға кіріп кеткен», – дейді Берденов әскерилер арасындағы лудомания туралы.
Бұл мәселеге байланысты көптеген адамдар суицид жасағаны белгілі. Депутаттың айтуынша күніне 10-15 адам өз-өзіне қол жұмсап жатқан болуы мүмкін.
«Семей облысында болған апатқа байланысты «қаралы күн» жарияладық. Бірақ құмар ойынынан бәлкім бізде күніне 10-15 адам өз-өзіне қол жұмсап жатыр. Онда біздің әр күніміз «қаралы» болуы керек. Біз соғыссыз осыншама адам жоғалтып жатырмыз», – деді Руслан Берденов.