Димаш Құдайберген: Әлем неліктен ғасырлар бойы бейбіт ғұмыр кешуді үйрене алмай келеді?

0
369
Димаш Құдайберген.

20 желтоқсанда Астанада өтіп жатқан Орталық Азия медиа форумының “Бейбітшілік этикасы” сессиясында британдық актер, режиссер Джереми Гилли мен қазақстандық әнші Димаш Құдайберген сөйледі. 

Peace One Day жаһандық жобасының негізін қалаушы Джереми Гилли әлемдегі бейбітшіліктің маңызына тоқталып әр адамның, әсіресе медиа өкілдерінің бұл жолда көп нәрсе жасай алатынын айтты.

Джереми Гилли.

“20 жыл бұрын мен әлемде болып жатқан оқиғаларға қатты қызығушылық таныттым. Бомба жарылған кезде менің атам Нагасакиде болған. Айналама көптеген сұрақтарым болды. Содан бері әлемде болып жатқан оқиғалар туралы шығармашылықпен бөлісіп келемін. Әрқашан адамдар туралы фильм түсіріп, оларға қызық сұрақтар қойғым келді. Сапарымды 1989 жылы бастадым. Содан бері қақтығыстарсыз бір күн болмағанын түсіндім. Достарыммен бірге шытырман оқиғалы жолға шықтық және БҰҰ-ның барлық елдері туралы фильм түсіруді шештік. Жылдар бойы саяхаттағаннан кейін бірде-бір Бейбітшілік күні болмағанын түсіндік”, – деді Д.Гилли.

Ол әр адам бейбіт тұрақты қоғам құруға жауапты деп санайды.

Джереми Гилли және Димаш Құдайберген.

“Қазір болып жатқан қатыгездіктің 95%-ы үйлерде, мектептерде, қауымдастықтарда және жұмыс орындарында болады. Сондықтан бұл жерлер әлем басталуы керек негізгі орындар. Бәріміз тұрақты қоғам құруда рөл атқарамыз. Медиа мен цифрлы құралдарды қолдана отырып, біз таңғажайып нәрселерді көре аламыз. Жаңа жетістіктерге шабыттандыратын орын жасай аламыз. Бұл жерде Медианың рөлі үлкен”, – деп қорытындылады британдық актер. 

Джереми Гиллиден кейін сөз алған Димаш Құдайберген әлемдегі бейбітшілікті бұзып жатқан түрлі жағдайларға қатысты ойын айтып, адамзат үшін алаңдайтынын жеткізді. 

Димаш Құдайберген.

“Әлемдегі тыныштық пен бейбітшіліктің ең басты кілті сары майдан қыл суырғандай саяси дипломатиялық, адами қарым-қатынас мемлекетаралық сыйластық. Бір мемлекеттің басқа мемлекеттің территориялық тұтастығын, ішкі саясатты құрметтеуі. Ғалымдардың зерттеуіндегі адамзат тарихы алғаш рет хатқа түскеннен бергі кезеңге көз жүгіртсек, мыңдаған жыл ішінде яғни, бес жарым мың жыл ішінде адам баласы 292 жыл ғана тыныштықта өмір сүрген деседі. Бұл өкінішті жайт. Адамзат санасының бағзы замандардан бері көп өзгермендігін көрсетеді. Әлі күнге дейін талай елдер соғыс зардабын тартып, экономикасы құлдырап жатыр. Талай жазықсыз жандар сол зұлматтың зардабын тартуда. Мұның барлығы бейбітшілік еткен жерлер, берекесіздік жайлайтындығының айғағы. Соғыс отын тұтатпау, бейбітшілік үшін күресу қазіргі XXI ғасырдың да ең өзекті мәселесінің бірі болып тұр. Біз неліктен мыңдаған жылдар бойы тату ғұмыр кешуді үйрене алмай келеміз? Осы сұрақ мені көптен бері мазалайды”, – деді Димаш.

“Бейбітшілік этикасы” атты сессия.

Ол адамзаттың ортақ мүддесі үшін бірге күресуге шақырды. “Біз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жалпы адамзаттың ортақ мүддесі үшін неге біріге алмай келеміз? Бізге не жетпейді?”, – деп ортаға ойланарлық сұрақтар тастады.

Димаш Құдайберген сөзін аяқтап ” The story of one sky” атты бейнебаянды үлкен экран арқылы халыққа көрсетті. 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз