Қазақстанда екі демалыс күні ішінде (7,8 шілде) тыйым салынған аумақтарда суға түсу және қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдарынан 20 адам суға кетті, оның ішінде балалар да бар. Бұл туралы ІІМ Төтенше жағдайлар Комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов хабарлады.
Қаза табу жайттары Шығыс Қазақстан облысы (5 адам), Қызылорда облысы (3 адам), Қарағанды облысы (3 адам), Солтүстік Қазақстан облысы (2 адам), Алматы облысы (1 адам), Ақмола облысы (2 адам), Батыс Қазақстан облысы (1 адам) және Астана (1 адам) мен Алматы (1 адам) қалаларында болған.
Ведомства өкілі адамдардың көбі құтқарушылардың айтқан құлаққағысына мән бермейтіндігін алға тартты. Мәселен, Қостанайда сенбі күні рейдтік іс-шаралар кезінде құтқарушылар тыйым салынған аумақтарда суға түсуге болмайтындығын ескерткен. Азаматтар аталған ескертулерге құлақ асса, қайғылы жағдай орын алмайтын еді деп хабарланады. Еске салсақ, 7 шілдеде Затобольск елді-мекенінде Тобыл өзенінде Қостанай тұрғыны суға батып бара жатқан әйелдерді құтқарамын деп, отбасының көз алдында өзі суға батып кетті. Бұл туралы Alau.kz хабарлайды.
Тағы бір қайғылы жағдай жексенбіде Орал өзенінде болды. Куәгерлердің сөзінше, суға түсіп жатқан бойжеткен батып кеткен. “Мой город” таратқан ақпарға сәйкес, бойжеткеннің денесін құтқарушылар өзеннен тапқан.