17 маусым күні Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында президент бірнеше мәселеге тоқталды, деп хабарлайды Kazaknews.kz Ақпараттық агенттігі.
“Ұлттық құрылтай бұл – арқаны кеңге салып отыратын жиын емес”, – деп бастады президент өз сөзін.
Ол, бабаларымыз маңызды шешім қабылдар кезде немесе елге қатер төнген сын сағатта құрылтай шақырғанын атап өтті. Бұдан бөлек Қазақстанның аз уақытта айтарлықтай өзгеріске бет бұрғанын мәлімдеді.
“Қазақстан осыдан 2-3 жыл бұрынғы, тіпті, бір жыл бұрынғы қалпынан айтарлықтай өзгерді. Біз аз уақытта зор серпіліс жасадық. Бұған ынтымақ-бірліктің және сындарлы қоғамдық диалогтың арқасында қол жеткіздік. Қазақстан – осы геосаяси аймақта саяси жүйесін қысқа мерзім ішінде түбегейлі өзгерткен бірден-бір мемлекет. Алайда қолда бар жетістікке тоқмейілсіп отыруға болмайды. Алда ұзақ жол, ауқымды жұмыс бар. Жалпы, Әділетті Қазақстанды құру министрлер мен әкімдердің ғана міндеті емес. Оған бүкіл қоғам болып жұмылуымыз керек”, – дейді президент.
Бұдан бөлек мемлекет басшысы өзекті және маңызды мәселелерге тоқталып өтті. Қазақстандықтарды бұрын-соңды болмаған деңгейде біртұтас болуға шақырды. Мұның себебі халықаралық деңгейдегі ахуалдың шиеленісуі болып отыр. Оның айтуынша халықаралық қақтығыстар геосаясатта немесе экономикада ғана болып жатқан жоқ. Тіпті, мәдениет пен руханиятты, құндылықтар жүйесін, басқаша айтқанда, идеология саласын да шарпуда. Мұның бәрі тұтас мемлекеттердің және халықтардың қауіпсіздігіне зор кесірін тигізуі мүмкін.
Осыдан бірнеше күн бұрын ірі қалаларда су тапшылығы пайда болды. Оған тұрғындар наразылығын білдірген де еді. Бұл мәселе – әкімдердің жұмысындағы нағыз олқылық. Мемлекет басшысы осындай мәселелерді шешу әкімдердің қолынан келмесе, тиісті шара қабылдайтынын айтуда.
Құрылтай Түркістан қаласында өтіп жатқандықтан, Тоқаев, Қожа Ахмет Яссауи туралы да сөз қозғады. Ғұламаның тұтас түркі дүниесінде ислам дінінің орнығуына зор үлес қосқанын, Ясауиден бастау алатын қазақ жеріндегі рухани сабақтастық қазірге дейін үздіксіз жалғасып келе жатқанын сөз етті. Ол, биыл Қожа Ахмет Ясауидің туғанына 930 жыл толуына байланысты, «Ясауитану» ғылыми орталығын немесе институтын құру мәселесін ойластыруды ұсынды.
Президент қазақстандықтардың арасында қалыптасып қалған стереотиптерді де сөз етті. Ол, көпшіліктің біреуден мадақ есту үшін жұмыс жасайтындығын сынға алды.
“Біздің қоғам өзгерісті біреуден мадақ есту үшін емес, ең алдымен, өзі үшін жасауға тиіс. Мұны елдің ертеңі, ұрпақтың болашағы жарқын болуы үшін қолға алуымыз керек. Ашығын айтсақ, біз кейде өз өмірімізден гөрі жұрттың пікіріне көбірек мән береміз”, – деді Тоқаев.
Президент, құрылтайдағы сөзінде мемлекеттік наградалар туралы сөз қозғады. Ол, еңбегі сіңген азаматтарға награда беріп, ынталандыру керектігін айтты. Бұдан бөлек наградалардың терең мағыналы әрі ерекше болуы, жұрт көңілінен шығатындай болуы өте маңызды екенін атап өтті.
“Мен бұған дейін «Ел бірлігі» атты жаңа мемлекеттік награда әзірлеп, бекітуді тапсырдым. Алдағы Республика күнінде бұл марапат алғаш рет тапсырылады. Келесі жылғы Республика күнінде тарихи тұлғалардың атымен аталған ордендерді табыстаймыз. Жыл соңына дейін осы мәселені мұқият сараптап, нақты ұсыныс енгізу қажет. Президент Әкімшілігі бұл жұмысты құзырлы мемлекеттік органдармен, ғалымдармен және сарапшылармен бірге атқарады”, – дейді президент Тоқаев.
Мемлекет басшысы, қазақстандықтардың шежіресінің толық жазылуын тапсырды. Мұнымен қоса оның әрбір азаматқа түсінікті тілде болуын айтты.
“Бір сөзбен айтсақ, жеті томдық еңбекте еліміздің шынайы шежіресі толығымен жазылуы қажет. Көптомдықтың тілі – жеңіл, мәтіні – кез келген жастағы оқырманға түсінікті болуы керек. Бұл – аса маңызды мәселе. Қазақстан тарихының көптомдық жинағын келесі жылдың ортасына дейін әзірлеуді тапсырамын. Содан соң ол ғылыми ортада кеңінен талқылануы керек. Бұл еңбек ұлттың тарихи сана-сезімін жаңғыртуға, мемлекеттілігімізді нығайтуға зор үлес қосары сөзсіз”, – деп атап өтті президент.
Тоқаев, жастардың жат ағымның соңына еріп кетуін үлкендердің кінәсі деп мәлімдеді.
“Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс. Ғаламтор арқылы жат діни ағымдардың құрығына түскен жастар да бар. Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең алдымен, үлкендердің кінәсі”, – деді президент.
Бұдан бөлек ол ата-аналардың балаларының тәрбиесіне жауапкершілікпен қарауға және мұғалімдерді кінәлай бермеуге шақырды.
“Мемлекеттің ең басты байлығы – адам, яғни азаматтар. Бұл – анық нәрсе. Десек те, ата-аналар баланы, ең алдымен, мемлекет, Үкімет не қоғам үшін емес, өзі үшін дүниеге әкеледі. Әрбір ата-ана саналы ұрпақ өсіруге баса мән беруге тиіс” – деді мемлекет басшысы.
Ал жастарды жалқаулықтан арылып, жата бермей жұмыс істеуге шақырды.
“Мен ұрпақты еңбекқорлыққа, бизнес жүргізу шеберлігіне баулу мәселесі жөнінде үнемі айтып жүрмін. Мәселен, кейбір көрші елдердің жастары шетелдерге барып, белсенді түрде кәсіппен айналысады, дүкен ашады, ұлттық тағамдарын дәріптейді, қысқасы, нәпақасын табады. Осындай әрекеттерден біздің жастарымыз да үлгі алса, жаман болмайды. Әрине, бұл – елден кетіп, еңбек ет деген сөз емес, бұл – ең бастысы, еңбектің жақсы-жаманы жоқ деген сөз. Әр мәселені әбден саясиландырып, бос сөз қумай, қол қусырып қарап отыра бермей, нақты жұмыспен, қаражат әкелетін заңды іспен шұғылдану керек деген сөз”, – деп түсіндірді президент.
Ел басшысы жастардың арасында кеңінен таралған зиян әдетті басты назарға алды. Бұл – нашақорлық. Ол, есірткіні қолданудың, дайындаудың және таратудың жолын кесіп, тамырына балта шабу туралы сөз қозғады. Ол, бұдан басқа ұлт саулығына зиянын тигізетін тағы бір кесел – вейп және түрлі электронды темекілер екенін мәлімдеді. Өкінішке қарай, қазіргі таңда оны тарту жасөспірімдер арасында сәнге айналып барады. Себебі электронды темекі бәріне қолжетімді, оның зиянсыздығы туралы түрлі жарнамалар да көбейіп кеткен.
Криминалдық топ басшылары және секта өкілдері туралы президент өз сөзінде тілге тиек етті. Ол, бұл адамдардың қоғамды ластайтынын айыптады.
“Өкінішке қарай, қазір қоғамды ішінен ірітетін жағымсыз дүниелер көбейіп бара жатыр. Өздерін, тіпті, Алпамыс батыр сияқты ел қорғаны санайтын қылмыс әлемінің серкелері, яғни криминалдық топ басшылары бар. Көптеген адамдар, әсіресе, жастар соларға қатты еліктейтін болды. Ел ішінде арзан бедел жинап жүрген алаяқтар аз емес. Олардың бәрі – халықтың санасын улайтын секта өкілдері. Бір қарағанда олар елге жанашыр болып көрінеді. Ал, түптеп келгенде, психологиялық айла-тәсілдермен жұртты адастырады. Қоғамға жалған құндылықтар таратып, көпшілікті тура жолдан тайдырады”, – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Идеология мәселесінде басты бағыттың бірі – кітап басып шығару ісі. Қазақстан нарығында шетел өнімдері басым екені жасырын емес. Әдеби кітаптардың 90 пайызға жуығы сырттан келеді. Бұл үрдістің салдары қандай болатыны айтпаса да түсінікті. Қазір еліміздегі мектеп кітапханаларында 130 миллионнан астам кітап бар. Бірақ ондағы көркем әдебиеттің үлесі мардымсыз. Шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Осы мәселені шешу үшін президент, «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны қолға алуды тапсырды. Қазақ әдебиетінің түрлі кезеңдерін және жанрларын қамтитын арнайы тізім жасалуға тиіс. Сол тізімдегі кітаптар барлық балаға қолжетімді болады.
Тоқаевтың көкейінде жүрген бір арман бар екен, бұл – тәулік бойы жұмыс істейтін Президент кітапханасын ашу. Ол, мұндай кітапхананы Анкарада көрген. Оның оқырмандары әлемнің әр түкпірінде басылып шыққан көркем шығармаларды, арнаулы әдебиетті оқи алады мыс. Мұндай кітапхананы енді елімізде де салынуы мүмкін.
Президент, жастарды рухани тәрбиелеу үшін әлеуметтік желіні пайдалануды құптайтынын айтты.
“Жақында Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров қазақ мәдениетін Tik-Tok платформасында насихаттау жолдары қарастырылып жатқанын айтты. Мен мұны қолдаймын. Жастар жиі пайдаланатын әлеуметтік желілерде ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу – дұрыс қадам”, – дейді ол.
Президент, сөз соңында тыңдаушыға екі сүйінші жаңалығын жеткізді. Оның бірі қуғын-сүргін құрбандарына байланысты табылған тың ақпарат болса, екіншісі Кенесары ханға сыйланған Құран Кәрім кітабының табылуы туралы болды.
“Баршаңызға мәлім, қазір Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмыс істеп жатыр. Осыған байланысты көптеген архив материалдары зерттелуде. Бұрын халқымызға беймәлім болған тың мәліметтер жарыққа шығып жатыр. Жақында сол құжаттардың ішінен «авторы Жүсіпбек Аймауытұлы» деп көрсетілген шығарма табылды. Мұны екі дерек көзі растап отыр. Өлеңмен жазылған туындыны сол кезде тәркіленген Алаш зиялылары еңбектерінің бір бөлігі деуге негіз бар. Онда ұлттың жаны ешқашан өлмейтіні жырланған”, – деп сүйіншіледі Тоқаев.
Табылған Құран, екі ғасыр бойы қолдан қолға өтіп, ақыры шетелге шығарылған. Тоқаевтың айтуынша оны жанашыр азаматтардың, меценаттардың көмегімен Қазақстанға қайтарып алған.
“Жиынның соңында елдің рухын көтеретін тағы бір жақсы жаңалықты сіздермен бөліскім келеді.Әйгілі Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құраны табылды. Бұл – еліміздің рухани өміріндегі елеулі оқиға.
Марал ишан барша қазаққа танымал адам болған. Ол – төл тарихымызда ерекше орны бар Кенесары ханның үзеңгілес серігі. Құранда Марал ишанның және Кенесары ханның мөрі бар. Жәдігерге жан-жақты сараптама жасалды. Отандық және шетелдік ғалымдар Құранды мұқият зерттеді. Құранның, расында, Марал ишанға тиесілі болғаны және Кенесары ханға берілгені анықталды”, – деді Тоқаев.
Президент, енді осы Құранды жақында Қазақстан мұсылмандарының Діни басқармасына табыс ететінін мәлімдеді. Сөйтіп, Құранды қалпына келтіріп, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қойған жөн деп санайтынын да жеткізді.
Енді, келесі жылы құрылтай атақты хандар орда тіккен Атырау облысында өтуі мүмкін.
“Былтыр Ұлытауда, биыл киелі Түркістанда бас қосып, елдік мәселелерді талқыладық. Ел тарихында айрықша орны бар тағы бір аймақ – Атырау облысы. Ондағы әйгілі Сарайшық қаласында атақты хандарымыз ордасын тіккен. Мен Ұлттық құрылтайдың келесі отырысын осы шежірелі аймақта өткізуді ұсынамын”, – деді президент сөз соңында.
Президенттің 17 маусым күні Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында сөйлеген сөзінің толық мәтінін сілтемеге өтіп оқи аласыздар.