Абатқа Марадонаның өзі қол соғар еді

0
257

«Футбол – бұл айырбастау алаңы. Мұнда ойын басталмай жатып таңбамен, басталған соң голмен, кейіннен қақпамен айырбастайды. Ал соңында тер сасыған жейделерімен». Әйгілі айтқыш Юрий Татаркиннің осынау пікірін бүгін Қазақстанның ұлттық құрамасы жоққа шығарды. Өйткені, бүгін футболдан Қазақстан құрамасы 2024 жылғы Еуропа біріншілігінің кезекті іріктеу ойынында Солтүстік Ирландияға жауапсыз гол соғып, тарихи жеңіске жетті.    

Апыр-ай… Футболға да масайрауға болады екен-ау. Бүгінгі матч ұлттық құраманың ең сауатты ойындарының бірі болды деп сеніммен айта аламыз. Бұған дейінгі ойындарда әупірімдеп гол соғып, балаша қуанатын едік. Жеңістеріміздің өзі көңілімізді күпті қылатын. Кейде керісінше есе жіберіп, өкініштен аһ ұрдық. Ал бүгінгі ойында ойыншылар жаңаша ойлап, жаңаша қимылдады. Қорғаушылардың сенімді әркеттерінің нәтижесінде қақпашының қапы қалуына мүмкіндік бермеді. Орталық алаңдағы ойыншылар ойқастай жүгіріп, ұтымды пастар шығара алды. Ал шабуыл шебіндегілер қоян інін аңдыған қасқырша, қарсылас қақпасын тынбай торуылдады. Ойын толығымен Қазақстан ойыншыларының бақылауында болды. Рамазан Оразов қиып берген пастар бірнеше рет Максим Самородвқа жеткенімен, нәтижесіз аяқталып жатты. Сонда да ойын өрнегі тамаша өріліп, қауіпті сәттер көбейе берді. Жігіттердің құлама құздың үстінде тұрғандай қиын жағдайларда да сенімді қимылдағанына тәнті болдық. Ойынның 88 минутында Абат Айымбет сондай талпыныстардың бірін голға айналдыра алды. Ол Еркін Тапаловтың көлбей жіберген пасын іліп әкетіп, бұрқырата жөнелді. Қарсылас қорғаушыларының маңынан ұмар-жұмар өтіп, қақпаның қияс тұсына бүлк еткізді. Жарайсың, Абат! Міне, мінез. Эмоцияға толы, ләззат сыйлайтын тарихи оқиға. Ең маңыздысы қақпамызға доп дарытпадық, қарсылас қақпасына жауапсыз гол салдық. 

Бұдан былай Абат жайлы көп айтылады. Айтылмағанда ше? Бұл күнге дейін Абат Айымбетовке сенімсіздік танытқандар көп болды. Алайда бас бапкер сенді. Ол да сол сенімді ақтап, футболдың «нәзік зергеріне» айналды. Осынау тіркесті бекер айтып отырғанымыз жоқ. Дәл осы шабуылшының өзге әлемдік футболшылардан ерекшелігі аяқ тыңдамай, ойын жүрмей, сана сан саққа жүгіре бастаған тұста шешуші голды сенімді салатын өнері. Иә, бұл өнер. Есіңізде болса, Данияға қарсы ойында да дәл осындай шеберлігінің арқасында Қазақстан абыройын асқақтатып еді. Бұл жолы да командасын алға сүйреді.

Алаңның ортасынан бастап қорғаушылардың арасынан сытылып өтіп, соңғы ойыншыдан жылдамырақ әрекет етуі шеберлік емей немене? Абаттың осы голы талайды таң қақтырды. Тіпті, Марадона тірі болып, ойынды тамашалағанда оның өзі қол соғар ма еді?  

«Өзім осы ойынды көп күттім. Сан-Мариноға қарсы ойынды жіберіп алғаныма өкінемін. Бірақ әр нәрсенің қайыры бар. Бұйырса осы ойында бар күшімізді саламыз. Алдымен Алла, кейін өз қолымызда. Ұпай алып кетеміз деген ойдамыз. Шабуылшы болған соң, алаңға гол саламын деп шығамын»,-деген екен сабазың дәл осы ойын қарсаңындағы баспасөз отырысында. Айы оңынан келіп, ниетіне жетті де.

Ал құрама жаттықтырушысы Магомед Адиев Абат Айымбетовтың тап осылай жарқырайтынын алдыннан білгендей, ойынның алдында бүй депті. 

«Бүгін танымал емес, ертең танымал болуы мүмкін. Бапкердің, команданың өзіндік анализдері бар. Абат туралы не айтсам да аз болады. Көптеген ойындарда алаңда нәтижелі ойын көрсетіп жатыр. Қанша уақыт жұмыс істеп жүрміз, осы уақытқа дейін менің оған ешқандай көңіл толмаған кезім болмады. Ол жүз пайыз ойынға дайындалған. Құрамаға бар күшін салып жатыр. Біз ол үшін, ол біз үшін». 

Бас бапкер жайлы айтып қалдық қой. Оның да еңбегі еселі. Талай жылдан бері жеңілістің кермек дәмін татып келе жатқан ұлттық құраманың еңсесін тіктей алды. Ойын мәнерін қалыптастыру өнерінен бөлек, керек ойыншыларды керек кезде алаңға шығара білу қасиетін атап өтуіміз тиіс. Дәл осы қыры бүгінгі ойында тағы бір рет көрініс тапты. Абат Айымбетовты ойын соңына қарай алмастырғаны бір бөлек, оған нәтижелі пас берген Еркін Тапаловтың да қосалқы құрамнан шығарғаны көрегендіктің нақ өзі емес пе? Бұл әрбір ойыншының физикалық, тактикалық дайындығынан бөлек, психологиялық жағдайының қыр-сырына қанық екенін білдіреді.      

Сонымен, футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы төрт ойын өткізіп, оның үшеуінде жеңіске жетіп, екінші орында сенімді тұр. Алайда, алда қарымта ойындар бар. Белді футболшыларымыз жарақат алмай, білгенімізден жаңылмай, өз ойынымызды ойнасақ, қазақ өрендерінің де Европа біріншілігінде деп тебетін күн алыс емес.

Сапарғали Қанат 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз