Нұр-Сұлтан қаласында ата-аналарға мектептер мен балабақшаларда өтетін ертеңгіліктерге қатысуға рұқсат берілді. Бұл туралы елорданың бас мемлекеттік санитар дәрігері Сархат Бейсенова әкімдікте өткен брифингте мәлімдеді.
Сархат Бейсенова алдағы мерекелерде індеттің басылмағанын ескеріп, мектептер мен балабақшаларда сыныптар мен топтарды қосып бұқаралық іс-шаралар өткізуге тыйым салынатынын атап өтті. Алайда ертеңгілікті “бір топ – бір шара” қағидатымен, әр топ жеке өткізуге рұқсат берді.
“Білім беру ұйымдарында іс-шараларды топпен, яғни бір топта – бір шара өткізуге рұқсат етіледі. Қазір біз “жасыл” аймақта тұрмыз, сол себепті ата-аналар да ертеңгілікке қатыса алады. Ол үшін Ashyq-тағы статусы “көк” және “жасыл” болуға тиіс”, – деді Бейсенова елордадағы эпидемиологиялық жағдай туралы баспасөз мәслихатында.