Дариға Назарбаева мәжілістен кетеді

0
312
Дариға Назарбаева.

25 ақпанда Zakon.kz сайты Қазақстанның бұрынғы президентінің үлкен қызы Дариға Назарбаева мәжілістен кететінін хабарлады.

“Бүгін мәжіліс депутаты өкілетінен бас тарту туралы шешім қабылдадым және күш-жігерімді қоғамдық, гуманитарлық, мәдени және қайырымдылық қызметке жұмсаймын” деп жазылған мәлімдемеде.

Назарбаева мәлімдемеде өзінің кету себебін түсіндірмеген.

Онда ол “Nur Otan’ға дауыс берген” қазақстандықтарға, партия мүшелеріне және ел билігіне “өзіне артқан сенімі үшін” алғыс білдірген. Ол қаңтар оқиғасын “жан-жақты мұқият” зерттеу қажеттігін атап өтіп, “кінәлілер әділ жазалануы тиіс, кінәсіздер босатылуы керек” деп жазған. Қанды қырғыннан “сабақ алу” қажеттігін алға тартқан.

Төменгі палатаның баспасөз қызметі Назарбаеваның кететінін растағанмен депутаттың көмекшісіне хабарласуға кеңес берді.

Дариға Назарбаева қаңтар оқиғасынан бері жұрт алдына шықпады. 12 қаңтарда көмекшісі оның коронавирусқа шалдыққанын, Алматыдағы үйінде екенін айтқан. Назарбаевамен байланысы бар делінген Zakon.kz сайты 17 қаңтарда көмекшісіне сүйене отырып, экс-президенттің қызы ақысыз демалыста екенін жазды. Ақпаратқа қарағанда, оның демалыс мерзімі ақпан соңында бітеді.

Бұған дейін Назарбаева “Нұр Отан” партиясының саяси кеңес құрамына енбеген еді.

Қаңтар оқиғасынан кейін бұрынғы президент пен қазіргі президенттің жақтастары арасында элита аралық тартыс өршігені туралы болжам кең тараған. Ізінше экс-президенттің туыстары мен айналасындағы шенеуніктер бірінен соң бірі қызметтерінен кете бастады. 18 қаңтарда қаңтар оқиғасынан кейін алғаш рет видеомәлімдеме жасаған экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев “элита аралық тартысты” жоққа шығарып, бас билік Тоқаевтың қолында екенін, өзінің қарапайым “зейнеткер” екенін айтқан.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз