Премьер-министр Асқар Мамин “FlyArystan” компаниясының рейстер саны 28-ден 80-ге дейін артатынын айтты.
“Қазіргі уақытта “Air Astana”, “Qazaq Air” әуе компаниялары ұшу бағыттарын қарқынды дамытып, бағалар саясаты бойынша нақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Бюджеттік “FlyArystan” әуе компаниясының тарифтері Еуропаның бюджетті компанияларымен салыстырғанда орташа есеппен 4 есеге дейін төмен. Келесі жылы “FlyArystan” компаниясының рейстер саны 28-ден 80-ге артады. Ұшу бағыттары айтарлықтай кеңейтіледі”, – деді Мамин.
Сонымен қатар, Үкімет басшысы Сингапур мен Шанхайға әуе рейсін ашу жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.
“Осы ретте, назарларыңызды бірқатар мәселелерге аударғым келеді. Біріншіден, “Ұлт жоспарының” 73-ші қадамына сәйкес, 9 әлемдік қаржы орталығымен тұрақты әуе қатынасы орнатылды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ұлттық экономика, Сыртқы істер министрліктері “Астана” ХҚО-мен бірлесіп, 2020 жылы Шанхай мен Сингапурға рейс ашу бойынша жұмысты жалғастыруды тапсырамын”, – деді ол.
Министр Нью-Йоркке ұшу үшін отандық әуе компанияларды аккредиттеу рәсімін аяқтауды тапсырды.
Биылғы жылдың соңына дейін Қостанай және Балқаш қаласындағы ұшып-қону жолағын қайта жөндеуді аяқтауды және келесі жылы “Түркістан” халықаралық әуежайының құрылысын бітіруді айтты.