Фоторепортаж: Наурыз мейрамы қалай тойланды?

0
1,312

Көктемнің жаршысы, халқымыздың төл мерекесі, жаңа маусымның бастауы, күн мен түн теңелетін ұлттық жаңа жылымыз Наурыз мейрамы Қазақстанның әр аймақтарында қалай атап өтілді? Наурыздың символына айналған «наурыз көже» аймақтарда қалай дайындалды?

Астана

Елордамыз Астана қаласында Наурыз мейрамы алғаш болып ЭКСПО көрме кешені аумағында тойланды. Астананың атағын асқақтата түскен ЭКСПО көрмесі аумағындағы «Нұр әлем» – «Болашақ энергиясы» музейінің іргесінде киіз үйлер тігіліп, қонақтарға ұлттық тағамдар ұсынылып, наурыз көже тартылды, бауырсақтар таратылды.

Ұлттық киімдер мен аспаптардан, қолөнер бұйымдарынан көрме ұйымдастырылды; шығармашылық ұжымдар, мың бұралған бишілер мен белгілі эстрада әншілері өнер көрсетті.

Павлодар облысы

Кереку өңірі мерекені тойлауды қайырымдылық шараларынан бастады. Ұлыстың ұлы күнінде Ертіс аудандағы барлық көп балалы отбасыларға, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тұрғындарға күнделікті тұтынуға қажетті азық-түлік үлестірілді. Сондай-ақ, Ұлыстың ұлы күніне орай жиырмадан астам бауырсақ түрі таныстырылған «Ақ дастархан» бауырсақ сайысы өткізілді.

Қызылорда облысы

Қызылорда қаласында көктемгі мейрам қарсаңында көпшілікке наурыз көже мен бауырсақтан бөлек салмағы 700 келіні құрайтын торт үлестірілді.

Қарағанды облысы

Наурыз мейрамы Қарағандыда айдың жиырма бірі мен жиырма бесі аралығында тойланды. Қала бойынша 30 киіз үй тігіліп, негізгі мерекелік шаралар қаланың Орталық саябағында өткізілді.

Жамбыл облысы

Жамбыл облысы Наурыз ерекесін ерекше деммен атап өтті. Наурыз мейрамы тоғыз күн бойы, әр күнге ерекше атау мен мән-мағына беріліп тойланды.

Тоғыз күн ішінде өңір бойынша тал егу рәсімдері, қала бойынша жаппай сенбілік, ескерткіштерге гүл қою сынды түрлі қайырымдылық шаралары ұйымдастырылды. Жергілікті халыққа аймақтағы қазақ, орыс драма театрлары, ассамблея филиалдары, жоғары және арнаулы оқу орындары студенттерінің «Наурызға тарту» мерекелік қойылымы көрсетілді. Сондай-ақ, жамбылдық қолөнер шеберлерінің аспан астындағы көрмесі ұйымдастырылып, бұқара халық қылқалам шеберлерінің, зергерлердің туындыларын тамашалады.
Жастар көнеден келе жатқан «Селтеткізер», «Ұйқыашар» сынды дәстүрлерді жаңғыртып, кешқұрым алтыбақан маңында сауық құрып, шаһарды әнге бөледі.

Оңтүстік Қазақстан облысы

Оңтүстік Қазақстан облысы Ұлыстың ұлы күні — әз Наурыз мерекесін ерекше сән-салтанатымен атап өтті. Алғаш рет Қазығұрт тауы бөктерінде өткен «Наурыз Қазығұрттан басталады» атты мерекелік шарада 1500-ге жуық өнерпаз өнер көрсетті. Ұлық мерекеге орай Қазығұрт тауының бөктерінде салт-дәстүрді дәріптейтін алтыбақандар, арнайы шағын сахналар мен ұлттық ойындарға арналған алаңқайлар құрылды. Қазақша күрес, ат жарыс сынды ұлттық ойындар дәріптелді.

«Наурыз Қазығұрттан басталады» іс-шарасына облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты мәдениет және өнер мекемелерінің әртістері және «Шамсинур», «Фараб», «Тұмар», «Жұлдыздар», «Таңшолпан», «Қаракөз», «Шаттық» би ұжымдары мен 500 жылқы, 500 көгершін мен түйелі күймелер қатысты.

Тау бөктеріндегі мерекелік шараға 40-тан астам киіз үй тігілген.

Көкшетау облысы

Көкшетаулықтыр да Ұлық мерекені қайырымдылық шараларынан бастады. Мереке қарсаңында әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек ретінде күнделікті күн-көріске қажетті азық-түлік таратылды.

Көкшетау облысында Абылай хан алаңында бастау алған мерекелік шараға 11 үлкен киіз үй тігіліп, 1500-ден астам адам қатысты.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз