Халықаралық теңіз ұйымының (ХТҰ) тәуелсіз сарапшылар комиссиясы қазақстандық теңізшілерді даярлау жүйесінің, теңізшілерді даярлау және дипломдау жөніндегі халықаралық конвенцияның (ДДВА Конвенциясы) талаптарына сәйкестігін мақұлдап, Қазақстанды “ақ тізімге” енгізуге арналған жаңаша өтінімін қабылдады. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлады.
Бұл тізімге кіру отандық теңізшілердің кәсіби дипломдарын халықаралық қоғамдастықтың тануын қамтамасыз етеді және оларға ДДВА Конвенциясына қол қойған барлық мемлекеттерде жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Осыған байланысты, 2021 жылдың 4-8 қазан аралығында өтетін теңіз қауіпсіздігі жөніндегі комитеттің 104-ші отырысында халықаралық теңіз ұйымының бас хатшысы комитет мүшелеріне Қазақстанның теңізшілерді даярлау жүйесінің Конвенция талаптарына сәйкестігін және тәуелсіз сарапшылардың шешімі туралы хабардар етеді. Бұл еліміздің ХТҰ-ның “ақ тізіміне” енгізілгенін ресми түрде растайды.