1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында халық санағы жүргізілетін негізгі уақыт аяқталды. Алайда, Sanaq.gov.kz сайтындағы онлайн-санақ функциясы 8 қарашаға дейін жұмыс істейді. Бұл туралы ұлттық статистика бюросы хабарлады.
“Қарашаның 8-іне дейін нақтылау шаралары жүргізілетін болады. Sanaq.gov.kz сайтындағы онлайн-санақ функциясы да қарашаның 8-іне дейін қолжетімді екенін хабарлаймыз”,- делінген хабарламада.
Халық санағы басында тек онлайн түрде жүргізілді. Ал бір айдан кейін статистика мамандары үй-үйді аралап, санақ парақтарын толтыра бастады. Алайда қарапайым халық арасында үйлерінің есігін ашпағандар да аз емес. Сондықтан 21 қазанда онлайн-санақ қызметі қайтадан іске қосылды.
28 қазандағы жағдай бойынша халықты санақпен қамту көрсеткіші 18 663 838 адамға немесе 98,1%-ке жеткен.
Қамту көрсеткіші бойынша Алматы қаласы көш басында – 108,9%. Яғни, 1 тамыздағы жағдай бойынша мегаполисте тұрақты тұратындардың саны 2 005 496 адамды құраған. Онлайн санақ пен интервьюерлер жүргізген сауалнаманың нәтижелері бойынша қалада 2 183 534 респондент бар екенін көрсетті. Осыған ұқсас жағдай Жамбыл (102,2%), Алматы (102,1%), Түркістан (101,5%), Шығыс Қазақстан (101,1%) облыстары мен Шымкент (101,4%) қаласында нақты тұратын халықтың саны көп болып шықты.