1 ақпан күні Қазақстан ішкі істер министрлігі ресми түрде “102” мобильді қосымшасын іске қосты. Бұл туралы министрліктің Facebook парақшасы хабарлады.
Егер:
- өзіңіздің немесе өзгенің өміріне қауіп төніп тұр деп ойласаңыз;
- мас адамның рөлге отырғанын көрсеңіз;
- зорлық-зомбылыққа куә болсаңыз;
- жануарларға қатыгездік жасалып жатқанын көрсеңіз;
- күдікті адамды байқасаңыз
дереу қосымша арқылы хабар бере аласыз.
Министрліктің хабарлауынша, тәулік сайын полицияның жедел басқару орталықтарының операторлары 102-арнасына келіп түскен 10 мыңға жуық хабарламаға жауап береді.
Ішкі істер министрлігінің “102” мобильді қосымшасы оқиға орнынан қысқа хабарлама, сондай-ақ фото, видео жіберуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, бейне қоңыраулар жасауға болады. Бұл ретте қоңырау шалушының орналасқан жері анықталады, ал жедел басқару орталығының операторлары не болып жатқанын көріп, дереу тиісті ден қою шараларын қабылдай алады.
Қосымша арқылы сыбайлас жемқорлық, полиция қызметкері тарапынан жасалған бопсалау фактісіне тап болған жағдайда, ІІМ-нің Өзіндік қауіпсіздік қызметіне де жүгінуге болады.