Ішкі істер министрлігі суға кетудің басты себептерін атады

0
541
дереккөзден

Адамдардың өз әлдерін бағамдамауы, аяқ сіңірлерінің тартылып қалуы, толқынның кенеттен көтеріліп кетуі, балық аулауға шыққан сәтте қауіпсіздік ережелерін сақтамау және ең қарапайымы құтқарушы жилеттерді кимеу әрі масаң күйде болу суға түсу маусымында суға кетудің басты себептері. Бұл туралы 19 шілдеде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Юрий Ильин мәлімдеді.

Адамдардың суға батып кетуі, көз жұмуы және зардап шегу жағдайлары көбіне демалыс және мейрам кездерінде орын алады. Суға батып кететіндердің көбі 3 жастан 10 жасқа дейінгі балалар. Балалардың белгілі бір үйірмелерге бармауы, жазғы лагерлерде болмауы, ата-ананың қарауынсыз қалуы соңында суға батып кету жайттарына әкеп соғады, дейді Ю. Ильин. Сондай-ақ, ведомства басшысының орынбасары су тоғандарын белгілі бір қақпалармен, плиталармен бұғаттаудың қажеті жоқтығын, ең бірінші кезекте салдары қайғылы жағдайға ұшырамау үшін балаларды көзден таса қылмау қажеттігін ескертті.

Жыл басынан бері қыс мезгілін есепке алғанда, су бассейндерінде 367 адам зардап шеккен (қатып тұрған су бетімен жүру, көлікпен суға құлап кету т.б себептер). Ал жаз мезгілінде алғашқы суға түсу маусымында 186 адам батып кеткен, оның 65-і – бала. Ішкі істер министрлігі басшысы орынбасарының берген ақпарына сәйкес, өткен жұмада суға түсу салдарынан 46 адам қаза тапқан, оның 6-ы демалыс күні Қапшағай қалалық жағажайында батып кеткен, 4 адам Қапшағай су ағынының кенет көтерілуі салдарынан суға кетсе, екеуі ішімдік ішу себепті суға батып кеткен.

Сондай-ақ Ю. Ильин  суға батып, қаза табу жағдайының 70 пайызы қауіпсіздік ережелері сақталмаған ауыл-аймақтардағы су бассейндерінде  орын алатынын алға тартты.

Өткен жылғы ұқсас кезеңде 196 адам қаза тапқан, оның 86 -сы – бала. Осы жолы 186 адам қаза тапқан, оның 65-і – бала. “Өткен жылмен салыстырғанда суға бату жағдайы бойынша адам қазасы аз, дегенмен, қол қусырып отыруға болмайды, қауіпсіздік шараларын әлі де күшейту қажет” –  дейді ведомства басшысының орынбасары.


Еске  салсақ, шілде айының екі демалыс күні ішінде (7,8 шілде) тыйым салынған аумақтарда суға түсу және қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдарынан 20 адам суға кетті, оның ішінде балалар да бар. 14 шілдеде Пригородный аймағындағы Нұра-Есіл каналында кілем жуған әйел қос қызымен суға кетіп, көз жұмды.

Сафина Саид

 

 

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз