Қазақстанда шетелдегі және елге көшіп келген ағайындарды қолдайтын «Отандастар қоры» мемлекеттік коммерциялық емес акционерлік қоғамы құрылды.
Бұл туралы «Әділет» Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған құжатта жазылды.
Биыл 13 қазанда ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Үкіметтің «Отандастар қоры» мемлекеттік коммерциялық емес акционерлік қоғамын құру туралы» №644 қаулысына қол қойды.
Құжатқа сәйкес, қоғамдастық Қазақстан Республикасына келген этникалық қазақтар мен шетелдік ағайындарға қолдау көрсетуді қамтамасыз ететін болады.
«Отандастар қоры» мемлекеттің толықтай қатысуымен құрылып отыр. Мемлекеттік акция пакетінің 50% иелену және қолдану құқығы ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне берілсе, қалған жартысы — ҚР Сыртқы істер министрлігіне бекітілді.
Еске салайық, Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке шеттегі және елге көшіп келген ағайындарды қолдау үшін «Отандастар» қорын құруды тапсырған болатын.